379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде қызылшаға қарсы екпе жүргізу басталды

  • 228
  • UPD: 15:26, 01.04.2019

Бүгіннен бастап еліміз бойынша барлық емханаларда қызылшаға қарсы иммундық екпе жүргізу басталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Уақытында дәрігер көмегіне жүгінбесе, қауіп төндіретін қызылшаға қарсы екпе алу тегін. Ол үшін бар болғаны тіркелген емханаға барса жеткілікті. Бұл мақсатқа үкімет тарапынан 788 миллион теңге бөлініп, 651 мың екпе сатып алынған.

Елімізде қызылша ауруы өткен жылдың күзінде белең ала бастады. Науқастар республиканың барлық аумақтарында тіркеліпті. Дәрігерлердің айтуынша, күз мезгілінде, адамның ағзасы әлсіреген тұста қызылшаны жұқтыру қаупі артады.

Алма Ахметова, Қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің бөлім басшысы:

- Жыл басынан осы күнге дейін қала бойынша қызылшамен ауырған 123 науқас тіркелді. Оның тоқсаны қызылшаға қарсы егілмеген балалар. Және қызылшаға егілгені жөніндегі мәліметі жоқ 33 ересек адам.

Еліміздің бас санитарының қаулысымен бүгіннен бастап екпе жасау басталды. Дәрігерлер ата-аналарды бұл мәселеге бейжай қарамауға үндеп отыр.

Лена Қасабекова, эпидемиолог:

- Республиканың барлық облыстарында тіркелуде. Оның ішінде Алматы қаласы және Түркістан облыстарын атап айтуға болады. Апта сайын қызылша жағдайының 400 зертханалық расталған жағдайы тіркелуде.

Қызылша – адамға қауіпті аурулардың бірі. Мұндай вирусты жұқтырғандардың денесі қызарып, бөртпе шығады, температурасы көтеріледі және басы қатты ауырады. «Уақытында дәрігердің көмегіне жүгінбесе, арты қайғылы жағдаймен аяқталуы әбден мүмкін», – дейді мамандар.

Шұғыла Тәжібаева, №17 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары:

- Бұл қызылша, қызамық, паратитке қарсы егілетін вакцина деп аталады. Ол өте жоғары деңгейде жүргізіледі. Оны алған өте ыңғайлы. Біз, педиатр мамандары міндетті түрде алғанын қалаймыз. Бала ауырған жағдайда болмаса, алғанын қалаймыз. Себебі, сол аурумен ауырмайды. Ауырған күнде де жеңіл түрде ауыруы мүмкін.

Аталған екпе адамның ағзасын қызылшадан ғана емес, тағы бірнеше типтегі жұқпалы аурулардан қорғайды. Дәрілік препарат тексеріліп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бекітілген. Биыл үкімет тарапынан аталған салаға 788 млн теңге бөлініп, жұқпалы ауруларға қарсы екпе сатып алынған.

Айта кетейік, қызылшаға қарсы вакцина негізінен бес жылда бір рет салынады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы