377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау әуежайында атылған оққа байланысты қылмыстық іс қозғалды

  • 162
  • UPD: 15:24, 01.04.2019

Түркістан облысында полицейлер жоғалған жылқыларды тауып берді. Ал Шығыс Қазақстан облысында Ертістегі мұз жару жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әуежайда атылған оққа байланысты қылмыстық іс қозғалды

Атырау әуежайында байқаусызда атылған оққа байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы еліміздің Ішкі істер министрлігіне қарасты Көліктегі полиция департаменті басшысының орынбасары Марат Әлкенов хабарлады. Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіні шулатқан оқиға бойынша қазір кінәлі деп табылған сержант Мамбетияров жұмыстан қуылды. Сол сияқты әуежайдағы желілік полиция бөлімі жетекшісі мен көліктегі полиция бөлімі басшысының екі орынбасары қызметтерінен босады. Ал зардап шеккен тұрғынның қал-жағдайын Ішкі істер министрлігі көліктегі департамент басшысының орынбасары біліп шықты.

Марат Әлкенов, ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті басшысының орынбасары:

- Жағдайы жаман емес. Қазір ақылы палатаға ауыстырылды. Әрі қарай ем керек бола ма, дәрі-дәрмек бола ма, оның бәрін көліктегі департамент өз мойнына алатын болады.

Мұз жару жұмыстары жүргізілді

Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданындағы Жетіжар ауылдық округінде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Екі күннің ішінде 44 мың шаршы метр аумақта 1 тоннадан артық жарылғыш зат орнатылды. Алдымен мұздың қалыңдығын өлшеп, төңіректі шолып шыққан мамандар бәрі дайын болысымен іске кірісті.

Бұл жұмыстарға 7 техника 27 адам жұмылдырылды. Әзірге Ертісте сең жүре қойған жоқ. Дегенмен Жетіжар, Кривинка ауылдарының маңайындағы бұрылыстарда мұз кептелісінің алдын алу үшін қам жасалып жатыр.

Полиция жоғалған жылқыларды тауып берді

Түркістан облысы Келес ауданында жергілікті тұрғын жоғалған 18 бас жылқысын 3 күн іздеп, нәтиже бермегендіктен жергілікті учаскелік полицейге көмек сұрап барған. Тәртіп сақшылары кешенді шараларды шұғыл қолға алып, мал иесімен бірге іздеу жұмыстарын атқарады. Соның арқасында ондаған шақырым жердегі көрші ауылдан жоғалған жылқыларды тауып, заңды иесіне қайтарды. Белгілі болғандай, мал иесі жылқыларды қараусыз бос жайылымда қалдырған, сондықтан жылқылар жайылымнан ұзап кеткен. Атқарылған іс-шаралардан кейін полицейлер жоғалған жылқыларды заңды иесіне қайтарды.

Нұрбек Абилов, Келес ауданының тұрғыны:

- Бәрі аман-есен, түгел. Алдабергенов Мұхит ағаға алғысым шексіз. Бұл кісіге рақмет айтамын, жұмысын өте жақсы атқарып жатыр.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғындарға, мал иелеріне төрт түлікті қараусыз қалдырмау керектігін айтады.   

Жүргінші жолағында кісі қаққан

Атырау қаласындағы көшелердің біріндегі жолаушылар өтпесі бар жерде қатты жылдамдықпен келе жатқан «Лексус» көлігі әйелді қағып кетті. Миы шайқалып, түрлі дене жарақатын алған 28 жастағы тұрғын облыстық ауруханаға жеткізілді. Көлік тізгіндеген жігіттің жасы 24 жаста екені белгілі. Бұл оқиға бойынша полицейлер мән-жайды анықтап жатыр.

Назымгүл Қайсағалиева, Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Қазіргі кезде біз дәрігерлердің сараптамасын күтіп отырмыз. Соның қорытындысына сәйкес, жүргізушіге әкімшілік жаза немесе қылмыстық жаза қолданылатыны шешілетін болады.

Хабар 24 телеарнасы