379.19 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде жедел жәрдем жұмысы жеңілдеді

  • 125
  • UPD: 15:27, 01.04.2019

Дертті жандарға алғашқы көмек көрсететіндер енді қабат-қабат қағаз толтырмайтын болды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ақтөбелік фельдшерлерге планшеттер таратылды. Қағазбастылықтан арылып, уақыттың басым бөлігін науқастарды қарауға арнайтын болады.

Жедел жәрдем станциясы мемлекеттік және жекеменшік әріптестігі аясында сенімгерлік басқаруға берілген соң жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуде. Жүйені жаңғыртуды қолға алған шетелдік инвесторлар материалдық-техникалық базаны нығайтуға жең түре кірісіпті. Әзірге планшеттермен 36 көлік қамтамасыз етілген. Заманауи технологиялар арқылы әрбір бригада түскен қоңырау туралы жедел ақпарат алуға қауқарлы.

Нұртуған Зейнешов, Ақтөбе қалалық жедел жәрдем станциясының фельдшері:

- Бұрын бізде барлығын рациямен айтып, қағазға жазатын болсақ, қазір осыған көшіп жатырмыз. Яғни барлығы түсіп тұрады. Осыны біз ашу арқылы, арнайы мобильдік қосымша бар, сол бойынша картаны толтырамыз.

Облыс орталығында орналасқан станцияны жаңғыртуға 1 миллиард 200 миллион теңге қаражат жұмсалған. Оның он миллионы заманауи технологиялармен жабдықтау көзделген. Планшеттерден бөлек әрбір көлікке GPS қондырылып, оларды алыстан бағыттап отыруға мүмкіндік бар. Ал ортақ жүйе арқылы жедел жәрдем қызметі өңірдегі кез келген медицина мекемесімен тікелей байланыста болады.

Меруерт Ахметжанова, Ақтөбе қалалық жедел жәрдем станциясының аға дәрігері:

- Әуежай маңы мен тұрғындар қалашығы ауданында қосымша бөлімшелер ашылды. Бұл науқастарға жету уақытын азайтуға бағытталған шаралар. Облыс орталығындағы барлық емханаға көліктер де берілді.

Жедел жәрдемге түскен қоңырау 4 категорияға бөлінеді. Соның ең шұғылы, яғни дереу көмекті талап ететін жағдайда ақхалаттылар 10 минутқа дейін жетуі тиіс. Екінші категорияға берілген уақыт 15 минут болса, қызуыңыз көтеріліп немесе ішіңіз бүріп ауырса, жарты сағатқа дейін күтуге тура келеді. Ал созылмалы аурудың асқынуы немесе жеңіл жарақаттанған жағдайда, тұрғылықты жердегі емханадан көмек күтесіз. Бұл халық саны күн санап артып келе жатқан Ақтөбе шаһарында жедел жәрдемнің қызметін оңайландыруға бағытталған шаралар.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы