376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалық 2500 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады деп жоспарлануда

  • 166
  • UPD: 21:29, 01.04.2019

Бүгіннен бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесі күшіне енді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді тұрмысы төмен отбасылар мен көп балалы жанұяларға жәрдемақы жаңа тәртіппен беріледі. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев елордадағы жұмыспен қамту орталықтарында болып, халықпен кездесті.

Бүгін қалалық жұмыспен қамту орталығында адам қарасы қалың. Тіпті бүкіл отбасымен жүргендер де бар. Дені – көп балалы аналар. Көбі сәбилерін ала келген. Барлығы да мемлекеттен қандай көмек алатындарын білуге асық. Яғни қанша қаражат тиесілі екенін білгісі келеді.  

Елена Потапова, қала тұрғыны:

– Менің алты балам бар. Егер 21 мың теңгеден төлейтін болса, 126 мың теңгенің көлемінде жәрдемақы алатын боламын. Бұл менің жанұям үшін өте үлкен қолдау болар еді. Балаларымның жағдайы да жақсы жаққа өзгерер еді.

Құжаттарды қабылдау бірден бес мекенжайда басталды. Сонымен қатар жұмыспен қамту орталығынан басқа әкімдіктерде де ресімдеуге болады. Бұған жауап беретін 36 қызметкер арнайы дайындалған. Еңбек министрі аталмыш жұмысты өз бақылауында ұстайтындығын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Елбасының тапсырмасына сәйкес, елімізде 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету талаптары ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50 проценттен 70 процентке дейін дейін артады. Нәтижесінде жәрдемақы алатындар саны 300 мың адамға артып, 830 мыңға жетеді. Бұрын АӘК-тің орташа мөлшері отбасының әрбір мүшесіне 4 834 теңге болса, сәуір айынан бастап әр балаға 20 789 теңгеден төленеді.

Жаңа тәртіппен берілетін атаулы әлеуметтік көмекті елордада 2500 отбасы алады деп жоспарлануда. Ол үшін 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді.

Министр жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті есептеу үшін тек жеке куәлік қана қажет екендігін айтты. Ол тұрғындарды алғашқы айларда жаңа сипаттағы жұмыс жүйесіне түсіністікпен қарауға шақырды. Өтініш білдірген адамдардың ешқайсысы назардан тыс қалмайтындығын жеткізді. Жәрдемақы өтініш берген күннен емес, сол айдан бастап тағайындалады. Қазіргі уақытта жұмыспен қамту орталығында күшейтілген жұмыс тәртібіне көшу мәселесі пысықталып жатыр. Орталық кешкі сағат сегізге дейін қызмет көрсетеді.

Авторы: Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы