379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үржарлық 46 көп балалы отбасы баспанамен қамтылады

  • 287
  • UPD: 21:31, 01.04.2019

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы көп балалы 46 отбасы толық баспанамен қамтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы мақсатта «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Жан жылуы - жанұяға» атты қайырымдылық шарасы өтті. Оған кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының жетекшілері, түрлі мекеме ұжымдары, тіпті қарапайым тұрғындарға дейін қатысып, игі шараға өз үлестерін қосты. «Көп түкірсе көл» деген ниетпен демеушілердің бірі қаржылай көмектессе, басқалары пәтерді өздері сатып алуды шешкен.

Үржарлық Дина Шәріпова – 8 баланың анасы. Қанша жыл баспанасыз жүрген отбасы жақында өз үйлеріне қол жеткізді. Кәсіпкерлердің демеушілігімен оған 3 бөлмелі пәтер берілді.

Үржар ауданында 3 мыңнан астам көп балалы отбасы бар. Оның ішінде 300-ге жуығы атаулы әлеуметтік көмек алады. Ал 46 отбасы көшіп-қонып, пәтер жалдауға мәжбүр. Қайырымдылық акциясы да осы түйткілдің түйінін тарқату үшін өткізіліп отыр. Аудандық мәдениет үйінде ине шаншар орын жоқ. Сахнадағы сәбидің күлкісі жиналғандардың жүрегін елжіретті.

Жеңіс Мейірханов, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Біз 9 балалы үйденбіз, қиындықтың бәрінен өттік. Енді өзіміз де үлкейіп, қазір қожалық құрдық. Әр қожалықта 9 адамнан 18 адам жұмыс істейді. Ауылымызда 18 отбасын асырап отырмыз. Жұмыс бар, енді аз қамтылған отбасыларға көмек қолын берейік деп отырмыз.

Үржарлық атымтай жомарт азаматтар аз емес екен. Мәселен, Дәурен Әбдікенов мұқтаж отбасыларға көмек ретінде 2 миллион теңге берді. Арнайы құрылған қоғамдық комиссия жиналған қаражатты мұқият есепке алып, тізімге алды.

Сәлима Қалдыбаева, Мақаншы ауылының тұрғыны:

– Біз де қазіргі кезде жалдамалы пәтерде жүргендіктен, өте қиын. Жолдасым ғана жұмыс істегендіктен, қаржымыз жетпейді. 7 баланың тамағы, ішіп-жеміне жетпей қалады. Сол себепті осы акцияны ұйымдастырғанына алғысымды айтамын.

Серік Зайнулдин, Үржар ауданының әкімі:

– Демеушілік жасаймын деген азаматтар саны көбейіп жатыр. Осы акцияның қортындысы бойынша арнайы комиссия мен арнайы қор құрылған. Осы комиссияның шешімімен 46 отбасын үймен қамтамасыз етуге біз жағдайды толық шешеміз деген ойдамыз. Бүгін қай үйді аламыз, қандай көмек көрсетіледі, оның бағасы қанша болады, осының бәрінің мәселесін шешіп отырмыз.

Акция қортындысы бойынша қаржылай және баспана түрінде жалпы құны 30 миллион теңгенің көмегі жасалды. Алайда бұл игі шара жыл соңына дейін жалғаса береді дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы