376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда тасқыннан зардап шеккендерге өтемақы төленеді

  • 124
  • UPD: 23:50, 02.04.2019

Су тасқынынан зардап шеккен көкшетаулық отбасыларға 75 мың теңгеден өтемақы төленеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл туралы бүгін жергілікті билік өкілдері мәлімдеді. Құзырлы органдар берген ақпаратқа сүйенсек, шаһарда 5-6 үйді су басып, тағы 10 шақты баспананың ауласына су жайылған.

Жалпы, асау мінез танытқан Қылшақты өзеннің бойында 600-ден астам нысан орналасқан екен. Олардың көбісі – жер үйлер. Тіпті, өзенге бірнеше білім ошағы жақын жайғасқан. Әйтеуір қалың су оларға қауіп төндірген жоқ.

Өзен маңындағы ескі үйде тұратын Анна әжей «мұндай суды бұрын-соңды көрмедік», – дейді. Айтуынша, 2017 жылғы тасқын да дәл осылай қауіпті болмаған. Ал биыл өзеннен шамамен 200 метр қашықтықта тұрған үйлердің өзіне су кіріп кеткен.

Анна Черныщюк, қала тұрғыны:

- Мен мұнда 1971 жылдан бері тұрамын. Міне, елу жылға жуық уақыттың ішінде дәл осы жерге дейін ешқашан су келмеген. Мынау деген масқара. Түнде құтқарушылар келіп бізді дереу сыртқа шығарды. «Құжаттарыңды және құнды заттарыңды ғана алыңдар» деді. Қонақүйге орналастырмақ болды. Бірақ біз бармадық. Мен құрбымның үйінде түнеп шықтым.

Сәуле Қапарова, қала тұрғыны:

- Біздің үйде су тізеден келеді. Жиһаз, еден, бәрі жарамсыз болып қалды. Түнде 4 баламмен әпкемнің үйіне бардым. Суды қазір сорғанымен, ылғал енді біраз уақытқа дейін тұрады. 

Үйлердің ішіне өзіміз де кіре алмадық. Аяқта резеңке етігіміз болғанымен, тереңдігі расымен де тізеге жақын. Оқиға орнында күні бойы су сору жұмыстары жүргізілді. Ол үшін 16 арнайы қондырғы, бірнеше ірі техника жұмылдырылған. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, тасқыннан зардап шеккен жандардың барлығы назарда болады. 

Мырзабек Мырзахметов, қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі өкілі:

- Зардап шеккен азаматтарға қазір Сәтпаев көшесінде орналасқан төтенше жағдайлар басқармасына арыз жазу керек. Төтенше жағдай басқармасының қызметкерлері бүкіл үйлерді тексертіп, арнайы акт жасап, осы зардап шеккен азаматтарға беретін болады. Сол актпен зардап шеккен азаматтар Локомотивная, 9А мекенжайында орналасқан еңбек және әлеуметтік қорғау бөліміне жолығып, үйінің барлық құжаттарын жинап, өзіне тиесілі 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі өтемақыны ала алады.

Айта кетейік, Қылшақты өзенінің деңгейі кеше кешкісін күрт көтеріліп, түні бойы қала тұрғындары мен құтқарушыларды әбден әбігерге салған болатын. Ал оның бұлай бұлқынуына Кенесары су қоймасынан келген ағын су сеп болып отыр. Жалпы, Қылшақты Көкшетау қаласынан ағып өтетін шағын ғана өзен.

Қылшақты өзені, міне, дәл осы жерден аяқталып, одан шыққан су мына Қопа өзеніне келіп құйылып жатыр. Мамандардың айтуынша, аталған көл 5 млн текше метр суды өзіне қабылдай алады. Қазір шамамен мұнда 2 млн текше метр су келіп түскен. Сондықтан қазір оның қосымша қабылдау мүмкіндігі бар. «Сол себепті бұл маңайдағы үйлерге қауіп төніп тұрған жоқ», - дейді құтқарушылар.

Авторлары: Д.Берікұлы, А.Полянный, Е.Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы