384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде аутизмге шалдыққандар саны артып келеді

  • 494
  • UPD: 23:48, 02.04.2019

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, дүниеге келетін әрбір 60-сәби аутизмге шалдыққан, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Өкінішке қарай, кеселдің себеп-салдары әлі күнге анықталмай отыр. Бүгін Дүниежүзілік аутизм жайлы ақпарат тарату күні. Соған орай еліміздің әр аймағында танымдық акциялар өтті. Тұрғындарға дерт жайлы жан-жақты мәлімет беріліп, бұқаралық деңгейде жарыстар ұйымдастырылды.     

10 жастағы Санжар хат танымайды, ешкіммен араласпайды. Бес жыл бұрын оған аутизм диагнозы қойылған. Ми қызметі бұзылып, психологиялық ауытқуларға ұшырады. «Енді жүйелі емделуден баламның тілі шыға бастады», – деп қуанып отыр анасы. 

Жанар Сәдуақасова, қала тұрғыны:

- Сөйлеуді 7 жасында бастадық. Біздің Астанадағы оңалту орталығына баруымыз көмектесті. Сол жерден сөйлеу лазерін алдық. Соның арқасында сөйлемдермен емес, буындап сөйлей бастадық.

Орал қаласындағы «Асыл мирас» аутизм орталығында балаларды сөйлеуге, айналадағы адамдармен тіл табысуға, қоғаммен қарым-қатынасқа үйретеді. «Ата-аналар балаларының ақыл-есіндегі ауытқушылықты дер кезінде анықтап, ертерек әкелсе, оларды ортаға бейімдеу де соғұрлым жеңіл болмақ», – дейді мамандар.

Айнагүл Есенғалиева, «Асыл мирас» орталығының супервайзері:

- Бұдан ешкім де сақтанбаған, ешкім де білмейді. Кімнің ұрпағы қандай болып келерін. Ол ауадан ба, тұқымнан ба, ешкім әлі анықтаған емес. Сондықтан өзінің баласынан ерекшелік анықталған жағдайда, ертерек ынтамен айналысқан жағдайда бұл балалармен жұмыстанып кетуге болады.

Қарағандыда денсаулығында кемшіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығында кеңес беру күні өтті. Ата-аналарға канис-терапия, яғни жануарлармен емдеудің денсаулыққа тигізер пайдасы кеңінен айтылды. «Үміт» орталығы жылына 200 бала қабылдайды. Оларға дәрігерлік және оңалту бойынша көмек беріледі.

Әйгерім Қайырбекова, «Үміт» облыстық оңалту орталығы директорының орынбасары:

- Кеңесті әлеуметтік педагог, мұғалім-деффектолог, мұғалім-логопед, педагог-психолог мамандары береді. Сонымен қатар бізде отырған бала дәрігері бар. Невропатолог, психиатр сияқты дәрігерлер, яғни командалық кеңес беруге тырысамыз.

Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні Қызылордада жаппай жүгіру жарысымен ерекшеленді. Шараға үн қосқан 800-ге жуық қала тұрғыны бес жарым шақырым қашықтықты еңсерді. Марафоншылар «Тəуелсіздік» даңғылынан орталық стадионға дейінгі аралықты жүгіріп өтті. Қазір облыс көлемінде аутизм белгісі 70 шақты балғыннан анықталған.

Ғани Мұратбаев, марафонға қатысушы:

- Бұл – өте дұрыс іс-шара. Біз қатарлы, бізден кіші қыз-жігіттер спортпен айналысса, оның ұрпағына іштей дайындық жүреді. Мен спорттан кенже қалғандықтан аутизм шығады-ау деп ойлаймын.

Ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталықтың мәліметі бойынша, елімізде аутизмге ұшырағандар саны осыдан он жыл бұрын 20 есе аз болған. Акцияға жиналғандарға сала мамандары ерте диагностика мен кәсіби оңалту бағдарламаларымен балалардың өмір сапасын арттыруға болатынын жеткізді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы