379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда жыл сайын 5 мыңға жуық иттің көзі жойылады

  • 70
  • UPD: 08:47, 03.04.2019

Орал қаласында ветеринарлық қызмет жыл сайын 5 мыңдай бұралқы итті аулап, көзін құртады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда бұдан қала көшелеріндегі шәуілдектердің саны кемитін түрі көрінбейді. Күл-қоқысты ақтарып, көше кезген ит-мысықтардың мәселесін қалай шешуге болады?

Бұралқы иттермен күреске жыл сайын қала қазынасынан 30 миллион теңге бөлінеді. Алайда бұдан иттердің саны кемитін түрі жоқ. Керісінше тұрғындарға, әсіресе мектеп оқушыларына шабуылы артыпты.

Жайдар Құрманов, облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы:

– 2018 жылы 1902 адам түрлі жануарлардың тістеуінен зардап шекті. Оның ішінде бұралқы ит, мысық және өзге де жануарлардың түрі бар. Бұл сан алдыңғы жылмен салыстырғанда өсіп отырғанын байқап отырмыз. Тістелген адамдардан біздің қорқатынымыз құтырма дертін жұқтыру мәселесі.

Абылай Мұқаев, қалалық ветеринарлық станцияның директоры:

– Былтыр жоспар бойынша 5900 ит ауланды. Ереже бар, ауланған иттер үш күн арнайы орында ұсталады. Егер ешкім іздеп келмесе, көзі жойылады.

Шарпей деп аталатын итті Әсел жеке питомникке былтыр көшеде жүрген жерінен әкелген. Сүйкімді болғасын, оған жаңа қожайын іздеуге асығар емес. «Мен өмір сүргім келеді» атты қоғамның қамқорлығында бүгінде 150-дей ит пен 20 шақты мысық бар. Оларды ұстау, емдеу және көбеймес үшін стерилизация жасау еріктілердің мойнында. Алайда далада қаңғып қалған, көлікке қағылған жануарлардың бәрін бірдей бағуға қаржы да тапшы, мүмкіндік те жоқ.

Әсел Садықова, қоғамдық бірлестік еріктісі:

– Жан ауыртар үлкен мәселенің бірі – иесіз жануарларды көшеде атып өлтіретіні. Олар да тіршілік иесі болғасын, мейіріммен қарау керек. Одан да сол қаржыны бізге берсе, біз питомникті кеңейтер едік.

Жануарларды қорғаушылардың ұстанымын билік басындағылар да түсінеді. Сол себепті түйінді мәселені шешудің тиімді жолдары бірлесе іздестірілуде. Егер бұралқы ит-мысықтарды аулап, ұстауды кәсіпкерлер мойнына алса, шаһар басшылығы арнайы орынның құрылысы мен ветеринарлық қызметтің шығынын көтермекші. Облыс әкімдігі ұсынған жоба бүгінде жетілдіріліп жатыр.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Болат Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы