379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы тұрғындары бұралқы иттердің көбейіп кеткеніне алаңдаулы

  • 74
  • UPD: 10:35, 03.04.2019

Алматыда жыл сайын 16 мыңнан астам иесіз иттер ауланады.

Алайда қарғы тағынбағандардың тұрғындарға шабуы тиылмай тұр. Мысалы, Медеу ауданын мекен еткендерден маза кеткелі жарты жылға жуықтады. Зәресін алған кәдімгі иттер. Қорқып қалғандар тіпті көшеге жалғыз шыға алмаймыз деседі.

Медеу ауданы тұрғындарының дауы – Дайрабайдың көк сиыры емес, жарты жыл бұрын қоныстанған көршінің қырық иті. Жұрттың айтуынша, аталған үйді жалдап тұратын жалғызбасты әйел жыл басынан бері ит асырап алуға көшкен. Бір үйір болған төбеттер көршілерді талай бастапты. Сол себепті балалары түгіл үлкендер де далаға жалғыз шығуға қорқады. Құқық қорғаушыларды да, ит аулаушыларды да шақырған. Бірақ нәтиже жоқ.

Гүлшара Есенова, тұрғын:

– Кеше ғана менің баламды қапты. Үш ит. Мен үйде жоқпын, балам шырылдап, айқайлап отырған, көршілер келіп айырылып алыпты. Ақпанның 22 күні көршім Римма деген кісіні талап тастады. Денесінде жарақаттары бар. Осы кісіні көшіріп жіберсек не болмаса итінің бәрін алып кетсе жақсы болар еді.

Иесіз иттер негізінен Алатау, Жетісу және Наурызбай ауданында көп кездеседі. Қалалық ветеринарлық қызмет мамандары күніне тұрғындардан жетпіске жуық қоңырау қабылдайды. Айта кетсек, жыл басынан бері бес мыңға жуық ит ауланып, бес жүзден астамы иесіне қайтарылған. Қалғандары медициналық жолмен ұйықтатылған. Өйткені бөлінген қаржы әр ауланған итті үш тәулік асырауға жеткілікті дейді.

Айгерім Жақсылық, «Қалалық ветеринарлық қызметі» КМК бөлім басшысы:

– Бір итті аулау үшін 9295 теңге бөлінеді. Ол қаржының ішінде адамдардың айлықтары да саналады, жанармай және үш күннің ішінде беретін иттердің тамағы, дизинфекция жүргізіледі. Соның барлығы сол ақшаның ішіне кіреді.

Қазір ауланған иттерді қалаған адамның асырап алуына рұқсат берілген. Ұсталған төрт аяқтыларға екпе жасалып, арнайы чип орнатылады. Әрі қарай асырап алушыларға ветеринарлық құжаты рәсімделіп, тегін беріледі.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы