384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда жерасты суларының көтерілуіне қатысты жағдай тұрақты

  • 318
  • UPD: 13:39, 03.04.2019

Павлодар қаласында жерасты сулары көтерілуі ықтимал шағын аудандарда қолға алынған сақтық шаралары жемісін берді.

Дер кезінде атқарылған әрекеттердің нәтижесінде жағдай тұрақталды. Бүгінде жекеменшік сектордағы тұрғын үйлердің аумағы құрғақ. Судың көтерілуі байқалмайды. Дегенмен апат болуы мүмкін аудандар сала мамандарының жіті бақылауында.

Былтыр көктемде Екінші Павлодар шағын ауданында 300-ден астам үйдің іргесі бүлінді. Жүздеген тұрғын зардап шегіп, осындай күйге түсті. Ернар Аманов әр көктем сайын үйін жөндеп әлек. Осы аядай ғана бөлмені қалыпқа келтіруге 30 мың теңге кетеді дейді.

Ернар Аманов, шағын аудан тұрғыны:

– Өткен жылы жертөле суға толған болатын. Қазіргі таңда өздеріңіз көріп тұрғандай, құрғақтау, су жоқ.

Шағын ауданда 15 гидробекет орнатылды. Судың деңгейі сағат сайын тексеріледі. Ал жерасты сулары осы қазаншұңқырға жиналады. Нысан 5,5 мың текше метр суды қабылдауға әзір.

Ренат Валишанов, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы:

– Қазаншұңқыр арқылы жерасты суларының көтерілмегенін байқадық. Бұны гидрогеологтар растады. Дегенмен жұмыстар тоқтатылған жоқ. Көшелерді аралап, тұрғындармен кездесіп жатырмыз. Бүгінде 15 мың текше метр су тартып шығарылды.

Шағын ауданда апаттың алдын алу шараларына 30 млн теңге бөлінген. Тұрғындарға қолдау көрсету үшін жедел штаб жасақталды.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Бұл штаб таңғы тоғыздан түнгі он екіге дейін жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, күнбе күн тұрғындар тарапынан 30-дан астам шағын түседі. Мамандар сонымен қатар су тасқыны кезінде жедел әрекет етуге арналаған жадынама қағаздарды әзірлеген.

Ендігі мақсат – орталықтандырылған кәріз жүйесін салу. Сонда мәселе түбегейлі шешіледі деген болжам бар. Оның құрылысына бюджеттен 400 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

Қанат Желдібаев, қалалық әкімдіктің төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы:

– Орталықтандырылған кәріз жүйесін екі кезең бойынша саламыз. Бірінші кезекте сегіз көше қамтылады, кейін тағы бес көшеге тартылады. Дренаж жүйесі де іске қосылады.

Шығынға батқан тұрғындар өтемақы төлеу мәселесін көтеруде. Бұл проблема бойынша нақты шешім жоқ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы