379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбелік көлік жүргізушілер жөнделген жолдардың сапасына шағымданды

  • 87
  • UPD: 13:40, 03.04.2019

Ақтөбеде қар еріп, асфальт жабындысы бұзыла бастады.

Көктем келісімен көлік жүргізушілері шұрық тесік болып сиқы қашқан көшелерді айналып өтіп, тегіс жол іздеп әлекке түседі. Бұл мәселе жыл сайын қайталанып келеді.

Қайырбек Кенжалин – сапасыз жолдан зардап шеккен азаматтың бірі. Шаһардың Мәскеу ауданындағы көшелердің бірінде көлігінің дөңгелегін майыстырып, жөндеу жұмыстарына шамамен 20 мың теңге жұмсапты. Ол қала жүргізушілерін жарылғыш зат іздеген сапёрге теңейді. Себебі су астындағы асфальттың қай жері опырылғанын алдын ала болжап, апатты болдырмаумен әлекпіз дейді.

Қайырбек Кенжалин, қала тұрғыны:

– Қалада 80 процент жол жоқ. Қар кетті, қармен қоса асфальт та кетіп қалды. Кейбір жолдар тіпті жүруге келмейді.

Асфальт жабындысын жаңартқанына жыл-жыл жарым уақыт өткеніне қарамастан, сапасы сыр берсе, мердігер мекеме жауапты. Шенеуніктердің айтуынша, құрылыс жұмыстарын жүргізген компания 3 жылға дейін кепілдік береді. Сәйкесінше осы уақыт аралағында жөндеу жұмыстарын өз қаражатына жүргізуі тиіс.

Руслан Төреғали, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

– Жолдарды қарау жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда қорытындылап жатырмыз. Осы негізінде әрбір мердігер мекемеге жол бойында пайда болған ақаулар бойынша нұсқаулар беріледі. Егер нұсқаулармен келіспеген жағдайда сотқа берілетін болады.

Әзірге қалалық әкімшілік екі компанияның үстінен сотқа арыз түсіріп, істі жеңіп шыққан. Ол күн жылынған соң іске кірісуі қажет. Ойдым-ойдым жолдың кесірінен көлігін жөндеуден өткізуге мәжбүр болған Артур Батырханов бұл жайды реттеудің жолы жауапкершілікті арттыруда деп есептейді.

Артур Батырханов, қала тұрғыны:

– Құрылыс жұмыстары аяқталған соң әдетте комиссия қабылдайды. Сол комиссия мүшелерінің де жауапкершілігін арттыру қажет деп есептеймін. Жолдардың сапасына бағасын беріп, қолдануға рұқсат берген соң олар да тікелей жауапты.

Жалпы биыл Ақтөбеде 52 шақырым жол қайта жөндеуден өткізіледі. Бірнеше жылға созылатын ірі жобалар да бар.

Жарты ғасырдан артық уақыт қызмет көрсетіп келе жатқан өткелдің әбден тозығы жеткен. Асфальт бетіндегі шұрық тесікті айналып өту үшін автомобиль жүргізушілері жолдың қарама-қарсы бетіне шығуға да мәжбүр. Дегенмен билік өкілдері өткен жылы 2 миллиард 600 миллион теңге қаржы бөліп, бұл көпірді қайтадан жөндеуге кірісті. Құрылыс жұмыстары 2020 жылы тәмамдалуы тиіс.

Айта кету керек, облыс орталығындағы жолдарды жаңғыртуға 4 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражаттың басым бөлігі бұрын асфальт жабындысы болмаған жаңа шағын аудандарға жұмсалады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы