379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да Қулыкөл және Қаратал ауылдарының халқы мектептегі эвакуация пунктін паналап отыр

  • 112
  • UPD: 23:40, 03.04.2019

Солтүстік Қазақстан облысының Қаратал және Қулыкөл елді мекендерінде тасқын қауіпі сейіле бастады.

Ауылды төңіректеген су қазір 30 сантиметрге дейін төмендеген. Бірақ қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындар әлі күнге эвакуациялық пункті паналап отыр.

Қулыкөл орта мектебі. Ауылдағы эвакуациялық бекет осында орналасқан. Күніне аспаздар 200-ден астам адамға ас әзірлейді. Мұнымен қоса көрші Қаратал елді мекенінен жеткізілген 50-ге тарта тұрғын әлі күнге дейін осы жерді паналап отыр.  

Қарашаш Нұрахметова, Қаратал ауылының тұрғыны:

- Келін боп түскен күнім еді. Өзіміз тойлаймыз деп отырғанбыз. Оған жағдай осындай болды. Бір табақ етімді асып отырғам. Ешкім келмеді. Ауыл кетіп қойды, жартысы кетіп қойыпты су тасып жатыр деп. Мектебіміз қандай әйбат мінекей. Барлық жағдай бар. Жататын орын қандай? Тамағы қандай? Үш мезгіл тамақ береді.  

Оқушылар үшін көктемгі демалыс аяқталып, оқу басталды. Мектеп директорының айтуынша, орын алған жағдайға байланысты сабақтар тоқтатылмайды. 

Жанар Мұқышева, Қулыкөл орта мектебінің директоры:

- Су тасқыны оқу процессіне ешқандай кедергі келтірмейді. Келген кісілерді 4-5 кабинетке орналастырған. Қалған кабинеттерде сабақ процесі жүргізіледі.

Айта кету қажет, тасқын су «Сегіз көз» гидротехникалық құрылымының бір бөлігін шайып кетті. Аталған нысанға тек өткен жылы ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген еді.  

Медет Оспанов, Уәлиханов ауданының әкімі:

- Бүгінгі күні 5 метрге жақын су жерді шайып, сол жерден қазір су өтіп жатыр. Жөндеу жұмыстары бүгін құрылыс компаниясы және жобаны құраушы азаматтар осында келеді. Сол кісілермен біз зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Нәтижесінде шаралар қолданылады.   

Қазір тасқыннан қауіп сейілді. Ауыл іргесіне жақындаған су 30 см дейін төмендеді. Сондай-ақ өткен тәулікте Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасынан 23 миллион текше метр су жіберілген. Бұл алдыңғы күндердегі көрсеткішпен салыстырғанда біршама төмен. Жалпы қазір екі ауылда Петропавл, Павлодар және елордадан келген мамандар еңбек етіп жатыр.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Көктем келіп, тасқын су солтүстік қазақстандықтарды біраз әлекке салды. Абырой болғанда мал-жан аман. Бұл ең бастысы. Ал қазір жерігілкті, республикалық маңыздағы жолдардың 10 учаскесін су шайып жатыр. Соңғысы Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Чистополье елді мекенінде. Мұнда көлік қозғалысына шектеу қойылды. 

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы