389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәжілісмендер қолданыстағы «Ойын бизнесі туралы» заңның солқылдақ екенін айтады

  • 350
  • UPD: 15:24, 04.04.2019

Елімізде құмар ойынға құныққандар азамай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Арасында бәске тігер ақша таппай, пәтерлерінен қағылып жатқандары бар. Мұндай жайттар жиілеген соң, Мәжіліс депутаттары қолданыстағы заңға өзгеріс енгізуді көздеген.

Ханзада Балтаеваның тауы шағылған қазір. Құмар ойынға құныққан баласы бәске тігер ақша таппай, ақыр соңында отбасымен тұрып жатқан пәтерінен қағылыпты. Зар жылаған ана шарасыздықтан не істерін білмей дал. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Ұлының олқы қылығы бүкіл отбасын тығырыққа тіреп тастады.

Ханзада Балтаева, қала тұрғыны:

- Құмар ойын баламды шырмауықша шырмап тастады. Оның бір ғана шалт қимылы айрандай ұйыған отбасымның шырқын бұзды. Үйімізден айырылдық, табыстан да қағылдық. Барлық есеп-шотымыз жабылған. Енді не істерімізді білмей жүрміз.   

Психологтар бәс тігетіндердің бәйгеге бас тігуден де тайсалмайтындарын айтады. Олар құмар ойынға құныққандар дүние-мүлікті ойлаудан қалады деп отыр. Осыған дейін бармақ тістеп, сан соққандарды талай көрсе де, букмекерлік орталықтарға еріксіз ағылады дейді.      

Қарлығаш Мұсафирова, психолог:

- Букмекерлік орталықтарда тәжірибелі психологтар жұмыс істейді. Олар келушілерді баурап алудың жолын тауып, түбінде түлкібұлаңға салады. Қарапайым ғана музыканың өзімен адамдарды жіпсіз байлайды.

Құмар ойындардың қаупін білмекке ел арасында арнайы сауалнама жүргізілген. Үн қатқандардың 82 проценті ойын автоматтары мен казинодан келер қауіптің жоғары екенін айтқан. Арасында букмекерлік орталықтардың зиянын да тілге тиек еткендері бар. Ең қызығы, сұралғандардың кейбірі ұтыс ойындарын тіпті кәсіп етіп алыпты. Оны бөлек табыс көзі ретінде көреді.     

Тимур Айсауытов, зерттеу орталығының директоры:

- Сауалнамаға қатысқандардың 19 проценті құмар ойындарды жылына бір рет ойнайтындарын жасырмады. 6,7 проценті ара-тұра бәс тігеді. 4,7 проценті тұрақты түрде ойнайды.

Елордада букмекерлік орталықтар жауынннан кейінгі саңырауқұлақтай самсап тұр. Әр адым сайын кездеседі десек артық айтқандық емес. Мұндай орындар Алматыда да көп. 

Солардың бірі жыл басында тоналған еді. Букмекерлік орталыққа келіп, қалтасындағы бар қаржысынан қағылған ер адам ақшасын қайтарып алу үшін амалсыз осындай әрекетке барыпты.   

Соңғы уақытта тұрғындар тарапынан бәс тігетін орындарды жабу туралы арыз-шағым көбейген. Полицейлер «тиісті шара қолданамыз», – дейді. Бірақ ойын автоматтарын жасырын орнататындар сонда да сап тыйылмай тұр. Терминалдардың көбі дүкендер мен ломбардтарға жиі қойылады екен. 

Софья Қылышбекова, қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Жыл басынан бері қалада жасалған рейдтік шаралар кезінде 32 ойын автоматы анықталды. Мамандар олардың барлығын тәркілеп, тиісті сараптама жасатуға жөнелтті.

Мәжіліс депутаттары қолданыстағы ойын бизнесі туралы заңның солқылдақ екенін айтады. Сондықтан өзгеріс енгізетін кез жетті деп отыр. Олар құмар ойынға құныққандарды психологиялық ауруға шалдыққан адамдармен теңестіру керек екенін айтады. Сол кезде әлгіндей науқастарға әлеуметтік-медициналық көмек көрсетіледі. 

Сәкен Өтебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Құмар ойындарға құныққан адамдарды психикасы бұзылған аамдармен теңестірсек, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан оларға көмек көрсетілетін еді. Бұл аталған індетпен күресудің алғашқы қадамы болар еді. Көп адамды тәуелділіктен арылтар едік.

Депутаттар букмекерлік орталықтардың жарнамасын да азайтуды көздеп отыр. Сондай-ақ құмар ойынға шырмалған адамдарды қара тізімге енгізіп, оларды бәс тігетін орталықтардан мүлдем аластатудың амалын қарастыруда. 

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Сабина Балашкина, Еркін Кеншінбек

Хабар 24 телеарнасы