379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Спортта келісілген ойындар көбейіп барады

  • 245
  • UPD: 15:23, 04.04.2019

Қазақстанда кәсіби спортшылардың букмекерлік кеңселерде бәс тігуіне заң жүзінде тыйым салынбаған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Алайда кейбір ойын кеңселерінің өзіндік ережелері бар. Букмекерлік мекемелердің дамып кеткені соншалық, олар ірі спорт клубтарымен әріптестік байланыс орнатып, демеуші деңгейіне көтерілді. Мұндай үрдіс біздің елде де бар.

Қазір букмекерлік кеңселер спортың айырылмас бір бөлігіне айналды. Тіпті кішігірім командаларды былай қойғанда, әлемдегі қаржылық жағдайы жақсы алпауыт командалардың өзі бәс тігу мекемелерімен қоян-қолтық жұмыс істей бастады. Әсіресе футболдағы ұлттық біріншіліктер мен ел кубоктарында букмекерлік кеңселердің аты аталып, олардың жарыстарға ресми демеуші болғанын естіп-көріп жүрміз. Бұл үрдіс Қазақстанда да пайда болды. Қазір еліміздің чемпионы «Астана» командасы да осындай букмекерлік компаниямен әріптестік байланыс орнатқан.

«Астана» – елімізде букмекерлік кеңсемен ресми серіктестік жөнінде келісімшарт жасасқан алғашқы команда. Елорда командасы соңғы екі жылдан бері Қазақстандағы танымал бәс тігу мекемелерімен тығыз жұмыс істеп келеді.   

Дмитрий Нестеренко, «Астана» футбол клубының баспасөз хатшысы:

- «Астана» футбол клубы әлемдік үрдістен қалыс қалмай, былтырдан бастап еліміздегі букмекерлік кеңсемен әріптестік байланыс орнатты. Биыл да букмекерлік кеңсемен клуб арасында ресми серіктестік жалғасты. Біз ол кеңсені команданың формасында жарнамалаймыз. Және стадион қапталындағы тақталарда жазылып тұрады. Олар сол үшін бізге қаржы төлейді. Бюджетіміздің бір бөлігін толтырамыз. Келісімшарт бойынша қаржы көлемін айта алмаймыз.

Қазақстанда кәсіби спортшыларға букмекерлік кеңселерде бәс тігуге заң жүзінде тыйым салынған емес. «Астана» клубында да құмар ойынға қатысты арнайы ереже жоқ. Дегенмен ұжымдық этика деген бар. Сондықтан команда қызметкерлері мен футболшыларға букмекерлік кеңселерде ойнауға болмайды. Алайда фэйр-плей заңдылығы сақтала бермейді. Футболдағы көлеңкелі іс көрші Ресейде көп кездеседі. Мысалы, Амур қаласында екінші лига командасының екі ойыншысы таныстарына ойынды «сатып» жіберген. Яғни алаңда қажетті нәтиженің сақталуына үлес қосып, достарының қомақты қаржыға ие болуына үлес қосады. Бірақ букмекерлік кеңсе бәске тігілген соманың көптігінен күдіктеніп, келісілген ойынды біліп қояды. Футболшылар екі жылға спорттан аластатылады. Ресейде кәсіби спортшыларға бәс тігуге заң жүзінде тыйым салынған. Алайда букмекерлік кеңсеге деген құмарлық көпшілік арасында кең тарап барады.

Руслан Сулейманов, букмекерлік кеңсенің жетекшісі:

- Екі ойыншымен келісіп аласың. Мысалы, теннисшілер. Екеуі де өз кездесулерінде жеңіліп қалады. Экспресс қоясың – 81 коэфицент шығады. Мұндай кезде 10 000 еуро тікпеу керек. Себебі қомақты сома күдік тудырады. Сол үшін 30 букмекерлік кеңсеге 300 еуродан тігіп шықсаң болды, миллионер атанып шыға келесің. Ешкім ештеңе байқамай қалады. Келісілген ойындарды анықтау қиын. Қазір бұл мәселе тіпті тереңдеп кетті. 

Келісілген ойындарды ұйымдастыру ісі халықаралық деңгейге шығып кеткен. Арнайы топ әр елдегі түрлі кеңселерге қомақты қаржы тігу арқылы мақсаттарына жетіп отырады. Сингапурлық Уилсон Радж Перумалды бәске құмар ойыншылар жақсы таниды. Ол ұйымдастырған келісімдердің басым бөлігі сәтті аяқталған. Олардың арасында әлем чемпионаты мен олимпиаданың іріктеу турнирлері бар. Перумалдың құрған жүйесі де қолға түсіп, ол қылмыстық жазаға тартылды.   

Уилсон Радж Перумал, келісілген матчтарды ұйымдастырушы:

- Футбол тек спорт емес. Бұл ойын түрі бизнеске айналды. Сондықтан біз ақша табуды ғана көздедік.

Командалық ойындарға қарағанда жекелеген спорт түрлерінде келісімге келу оңай. Соңғы жылдары элиталық ойын теннистің де көлеңкелі тұстары сөз бола бастады. Жалпы, сайыстарға бәс тігу ежелден бар. Ықылым заманнан келе жатқан құмар ойыны кез келген қаланың бұрышында кездеседі. Ірі жарыстарда, спортшылардың киімінде букмекерлік кеңселердің жарнамасы самсап тұр. Командалар үшін бұл қомақты табыс көзі болуы мүмкін, ал бәс тігем деп барынан айырылып жатқан қарапайым жандар қаншама.

Авторлары: Қанат Базылхан, Ғани Алшымбаев

Хабар 24 телеарнасы