379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақсуда өзін-өзі өртеген ер адамның әйелі қайтыс болды

  • 355
  • UPD: 20:48, 04.04.2019

Ақсу қаласының 51 жастағы тұрғыны өзін бензин құйып өртеп жіберді. Марқұм тілге келмей жан тапсырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы үйде қонақта болған тағы 13 адам зардап шекті. Оның бесеуі – бала.

Өрт жекеменшік сектордағы үйлердің бірінде кешқұрым уақытта болды. Көп балалы жанұя отанасының 45 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан еді. Осы сәтте 51 жастағы азамат үстіне бензин құйып, өзін өртеген. Ер азамат бұған дейін де өмірімен қош айтысамын деп бірнеше рет қоқан-лоқы көрсеткен.

Мейрамбай Шайназаров, көршісі:

– Түнгі ауысымнан үйге келіп, қайғылы хабар естіп отырмын. Бұған дейін отбасында болған жағдай туралы естімеппін. Отағасы еңбекқор, мейірімді жан болатын.

Оқиға орнына жедел жәрдем қызметінің мамандары санаулы минуттарда жетті. Үй ішіне жайылған өрт салдарынан қонақта болған 13 адам зардап шекті. Олардың ішіндегі бес балаға иіс тиді. Түтінге тұншыққандардың қатарында бір жасар сәби бар. Ал туған күнін тойламақ болған 45 жастағы әйел ауруханада көз жұмды.

Александр Бобыкин, зардап шегуші:

– Емен-жарқын отырыс еді. Кенет отағасы далаға шығып, бензин құйылған құтымен оралды. Үстіне жанар-жағармайды құйып, жағып жіберді. Біз өртті сөндіргіміз келді. Бірақ қолымыздан келмеді.

Надежда Здоровова, Ақсу қалалық ауруханасы күндізгі стационарының бас дәрігері:

– 1974 жылғы азаматшаның денесін 80% күйік шалды. Өрттен зардап шеккен адамдар облыс орталығына жеткізілді. Тиісті ем шараларын қолға алдық.

Полицейлердің айтуынша, өзіне өзі қол жұмсаған ер азамат бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған және ішімдікке жиі бой ұрған. Соңғы рет оған қатысты отбасылық жанжал үшін айыппұл түрінде шара қолданылған.

Жанна Белялова, облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

– Полицейлердің пайымдауынша, қайғылы жағдайға отбасылық-тұрмыстық қатынастың бұзылуы себеп. Ерлі-зайыптылар ажырасып жатқан. Бүгінде бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптамалар тағайындалды.

Қызыл жалынмен бірнеше өрт сөндіру бригадасы күресті. Өрт 27 минуттың ішінде толық сөндірілді.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы