379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында көктемгі егіске 380 мың тонна дизель отыны бөлінді

  • 169
  • UPD: 15:19, 04.04.2019

Биыл еліміздің оңтүстік өңірлерінде 22 млн гектардан астам жерді жырту жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл туралы 2019 жылғы егіс науқанын бастауға арналған Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан облысында өткен арнайы көшпелі отырысында айтылды.

Қазір еліміздің оңтүстік өңірлері, яғни Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында көктемгі дала жұмыстары қыза түскен. Осы облыс әкімдіктеріне қарасты ауыл шаруашылығы басқармаларының мәліметі бойынша, биыл 22 млн гектардан астам аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылады.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға артық. Айта кетейік, биыл бидай алқаптары мен суда өсетін дақылдардың егіс көлемі қысқартылады. Есесіне бос тыңайған жерлерді игеру есебінен майлы және дәнді-дақылдар, жарма, жемдік, бұршақты дақылдар сияқты сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті өсімдіктер алқабы айтарлықтай ұлғаяды. Бүгінге дейін оңтүстік өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 379 мың гектарға егілді. Энергетика министрлігінің келісімі бойынша, көктемгі дала жұмыстарына 380 мың тонна дизель отыны бөлінген. Отын өңірлерге бекітілген кестеге сәйкес жеткізілетін болады. Операторлардың жеткізуін есепке алғанда, өңірлердегі орташа баға литрына 176 теңгені құрап отыр. Бұл нарықтық бағадан 10%-ға арзан.

Айта кетейік, осы жылы Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 824 мың гектар алқапқа егіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың га артық. Егістерді әртараптандыруға сәйкес бидай – 175 мың, мақта – 121 мың, көкөніс, бақша дақылдары мен картоп – 125 мың, майлы дақылдар – 100 мың, дәндік жүгері – 46 мың және жемдік дақылдар 207 мың гектарға егілмек. Бүгінгі күнге дейін 175 мың га жаздық дақылдар егілді. Сонымен қатар 96 мың тонна минералдық тыңайтқышты субсидиялау жоспарлануда. Оған 4,3 млрд теңге қаражат бөлу көзделген. Бүгінгі таңда облысқа 33 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілді.

Авторы: Жандос Жұмабек

Хабар 24 телеарнасы