379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тараздағы жарылыстың басты себебі анықталды

  • 454
  • UPD: 20:46, 04.04.2019

Тараздағы көп қабатты тұрғын үйде болған жарылысқа газ құбырындағы ақау себеп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кешенді-комиссиялық және өрт-техникалық сараптамаларының қорытындысы осыны көрсетті. Жергілікті биліктің хабарлауынша, осы апат кезінде зардап шеккен тұрғындардың пәтерлері қайта жөнделіп, 15 қазанға дейін иелеріне тапсырылады.

27 ақпан күні көп қабатты тұрғын үйде жарылыс болып, 4 адам қаза тапқан еді. Апаттың себеп-салдарын анықтау үшін өңірде арнайы комиссия құрылды. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша жарылыс жабық кеңістікте газ ауа қоспасының пайда болуынан болғанын көрсетті.

Талғат Сабыров, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

– Төтенше жағдайлар себептерін анықтау үшін облыстық комиссия құрылды.Үш отырыс өткізілді. Кешендік экспертизаның материалдары бойынша жарылыстың басты себебі табиғи газдың ақауынан болып отыр.

Зерттеу жүргізген мекеменің қорытындысына сәйкес, 62-тұрғын үй қайта қалпына келтіруге жарамды деп танылған. Қалалық тұрғын үй инспекциясы құжаттарды дайындап жатыр. Жоба бойынша пәтерлер еш өзгеріссіз, шаршы алаңына сәйкес қайта жөнделеді.

Ғазиз Ералиев, қала әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

– 45 күннің ішінде қорытынды беріледі. Мемлекеттік сараптамадан өтеді, содан кейін жұмыс басталатын болады. 15 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Жарылыс кезінде есік-терезелері сынған көрші подъездегі пәтерлер мен қарама қарсы 59 үйдің кіреберістері екі жарым миллион теңгеге жөнделді. Ал зардап шеккен 21 отбасы Бәйтерек шағын ауданындағы 26 көп қабатты тұрғын үйде уақытша тұрып жатыр. Олардың коммуналдық төлемдерін жергілікті билік өз мойнына алған.

Авторлары: Қырмызы Жексенбек, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатілла

Хабар 24 телеарнасы