380.89 423.60 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тарбағатай тауында 600-ге жуық арқар бары анықталды

  • 137
  • UPD: 20:53, 04.04.2019

Тарбағатай тауындағы жан-жануарларға алғаш рет ресми санақ жүргізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған Үкімет қаулысымен былтыр құрылған мемлекеттік ұлттық парктің 100-ге тарта маманы қатысып, соңғы техника жетістіктерін пайдаланды.

Алдын ала мәлімет бойынша, таудың күнгейі мен теріскейінде 600-ге жуық арқар, 20 шақты қоңыр аю мен сілеусін бар. Біздің арнаның тілшілері де санаққа қатысып, сай-сала, құз бен шатқалды шарлап қайтты.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Арқарлар жайылымына жету оңай деп кім айтты? Дәл қазір Қарабас тауындағы «Аңшыман» шатқалына келіп жеттік. Бұдан әрі қарай темір тұлпарлар жүретін жол жоқ. Сондықтан бізді мемлекеттік инспекторлар атпен тосып тұр.

Теңіз деңгейінен бір жарым мың метр биіктіктегі Қарабас тауы Тарбағатайдан сәл төменірек орналасқан. Әдетте арқарлар мұнда қазан айында қоныс тебеді. Осында қыстап, көктемде төлдеп, қайтадан Тарбағатайға көшеді. Ұлттық парк ашылғалы бері Қызыл кітапқа енген жануарлар өздерін емін-еркін сезіне бастаған.

9 бағытта жүргізілген санаққа ұлттық парктің 100-ге тарта маманы қатысып, 105 шақырым жол жүріп өткен.

Әлібек Тоқымтаев, «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық паркінің директоры:

– Дрон ұшырамыз, сонымен бақылаймыз жоғарыдан. Және фототұзақ қойып жатырмыз, солардың көмегімен және басқа да методикамен анықтап, санақтың қортындысы бойынша осы 8 мың гектар жердің аумағында 250-270 арқар, екі жағын қосқанда 500-600 арқар бар деп ойлаймыз. Аю санағы қалды, сол біткеннен кейін қортындылап, сәуір айында қорытынды есебін береміз.

Қытаймен шекарада, облыс орталығынан 700 шақырымдай жерде орналасқан бұл өлкенің бұғып жатқан құпия сыры көп. Таңбалы тастар, қар адамы туралы аңыздар соның бір шеті ғана. Қазір ғылыми ақпарат және мониторинг бөлімі маңызды мәліметтерді жан-жақты зерделеуге кіріскен.

Жаңылхан Әлімсейітова, «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық паркінің бөлім жетекшісі:

– Бұрынғы ата-бабаларымыз, осы өңірде өмір сүріп жатқан қарт кісілердің деректерін жинақтау арқылы біз қар барысы осы жерде мекен еткен екен деген тұжырымды айтып отыр. Және онымен қоса міне таңбалы тастан бірнеше петроглифтер көрдік, мұндағы бұрынғы салынған тауешкі суреті, яғни қар барысы мекен еткен жерде тау ешкісі де кезедеседі деген сөз. Негізгі басты жұмысымыз – өзіміздің байлығымызды сақтап, оның санын өсімі болса оны білу. Сиреп бара жатқандардың қатарын мүлдем жойылып кетуге жол бермеу.

Арқар, аю, сілеусіннен өзге марал, елік, қабан, бұлан сияқты жануарлар санаққа алынса, құстардан құр, қырғауыл, кекілік, шіл тіркелді. Бұл кешенді жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Ал жаз кезінде Тарбағатай тауына туристер тарту үшін бірнеше жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы