379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде бір жыл бұрын қолданысқа берілген үйдің сапасына тұрғындар шағымдануда

  • 124
  • UPD: 20:54, 04.04.2019

Қар кетісімен сапасыз салынған үйлер де сыр бере бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ескі үй болса бір сәрі дерсіз, Ақтөбеде былтыр мамыр айында ғана қолданысқа берілген үйдің сылағы түсіп жатыр. 5 қабатты баспана үлескерлердің қаржысына салынған. Тұрғындардың айтар шағымы көп. Алды құрылысты жүргізген «Жилище» кооперативін сотқа да берген.

Аулаға жиналған тұрғындар үйдің іші-сыртындағы қираған жерлерді көрсетіп әлек. Есіктердің жақтауы құлаған, сыртқы қасбетінің сылағы түсе бастаған. Тұрғындардың айтуынша, бұл үй бастапқы жоба бойынша салынбаған.

Нұрлан Имантаев, қала тұрғыны:

– Келісім шарт бойынша үй сырты селикат кірпішпен салынған, ал оның сыртына селикат салынған жоқ. Асфальт тегіс емес, жұқа салынған. Бізде суреттер бар, басынан бастап салынғандығы.

Яғни үлескерлердің сөзінше, үй құрылысына сапасыз материал қолданылған болуы мүмкін. Жоспарда көрсетілген материалдар құрылыс барысында ауыстырылған. Қағаз жүзінде аулада жарық бағдандары мен көгал болуы тиіс екен. Алайда оның бірі жоқ. Ең сорақысы, үйдің электр желісінде бірнеше рет қысқа тұйықталу болып, өрт бола жаздаған.

Тұрғындар «Жилище» тұрғын үй кооперативіне бірнеше рет шағым айтып барған. Алайда «кондоминимум құрғаннан кейін келіңіздер» деген жауап алған. Амалы таусылған бір тұрғын кооперативті өз атынан сотқа да берген. Арадағы даудың ушыққаны сонша, екі жақ бейбіт түрде келісуден қалған. Кооператив басшылары енді ғана мәміле туралы айта бастады.

Нұржан Қауысов, «Жилище» ТҮҚК бастығының орынбасары:

– Тұрғындар бізге оған дейін шағымданды. Біз ол адамдармен кездестік, сөйлестік. Айқай-шу көтерілді, сотқа дейін жетті. Сотта кездесіп жатырмыз, ол соттан арызын алып кете алады да мәмілеге келе алады.

Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасындағылар бұл жәйттан хабардар. Үй құрылысы кезінде жобадан ауытқудың болғанын растады. Алайда комиссия оны қабылдап алған.

Оксана Сопрун, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы:

– 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қабылдап алатын комиссиясының мүшелігінде мемлекеттік органдар жоқ. Қазіргі таңда заңнамаға сәйкес, нысанды қолданысқа беру туралы актіге комиссияның 4 мүшесі қол қойды. Олар – авторлық бақылау және техникалық бақылау қызметтері, тапсырыс беруші мен мердігер тарап. Бұл үйге қатысты тұрғындардың шағымы бойынша ғана шара қолдандық. Комиссия құрамындағы 4 тарап 9 бап бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Сот шешімі бойынша олар кемшіліктерді жоюға міндеттелген еді. Алайда жұмыс өте баяу жүріп жатыр.

Яғни бес қабаттан биік үйлерді қабылдау кезінде ғана мемлекеттік орган қатыса алады. Басқарма басшысының айтуынша, бұл кооперативтің лицензиясы 3 рет тоқтатылған екен. Қазір қайтадан жұмысын жалғастырған. Мемлекеттік орган тағы бір мәрте тексеру жіберетін болды.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы