379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында 200 көп балалы отбасы баспанамен қамтылады

  • 149
  • UPD: 22:37, 04.04.2019

Қостанай облысындағы жұмыссыз көп балалы аналар ерекше қамқорлыққа алынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар көктем, жаз мезгілдерінде санитарлық күту жұмыстарына атсалысып, лайықты еңбекақымен қамтылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған республикалық жұмыс тобының аймаққа сапары барысында айтылды. Бұдан бөлек, өңірде пәтер кезегінде тұрған 830 көп балалы отбасының проблемасы оң шешімін табады. 

Облыста 1 сәуірден бастап жаңа жүйедегі атаулы әлеуметтік көмек 17,5 мыңнан астам адамға қолжетімді. Тұрғындар жәрдемақыға қатысты кеңестерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан ала алады. Гүлшара Әбдіқалықова бастаған министрлер Қостанай ауданындағы осындай орталықтың жұмысымен танысты. Аудан бойынша 366 көп балалы ананың 116-сы атаулы әлеуметтік көмекті осы жерден рәсімдеген. 

Сәуле Қасымова, Қостанай ауданы жұмыспен қамту бөлімінің басшысы:

– Сәуірден бастап тағы да келушілерді қабылдап жатырмыз. Жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп біздің бөлім және орталық түсіндірме жұмысы, ауыл халқымен кездесулер өткен. Қазіргі таңда жалғыз ғана куәландыратын құжатымен келеді, ешқандай кедергі жоқ.

Өңір тұрғындарымен кездесуде «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы кеңінен түсіндірілді. Аталған құжат алдағы 3 жылға белгіленген.  

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Бағдарлама бойынша 2,3 трлн теңге қарастырылған. Биыл 444 млрд игереміз. Оның шеңберінде қазақстандықтардың тұрмысын көтеретін әлеуметтік бағдарламалар қабылданады. Жаңа атаулы әлеуметтік көмекке 830 000 қазақстандық ие болады.

Көп балалы отбасыларды жұмыспен қамту, іскерлікке баулу, баспана беру мәселелері өзекті. Облыс бойынша осындай санаттағы аналар санитарлық күту жұмыстарына жұмылдырылады. Бұл мақсатқа 750 млн теңге бөлінбек. Жарты күндік жұмыс үшін 63 мың теңге жалақы тағайындалады.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

– Ірі тауар өндірушілер 2-3 отбасыны қамқорлыққа алады. Арнайы даярлық курстарынан өткізіп, белгілі бір мамандыққа баулиды.

Пәтер кезегінде өңірде 830 көп балалы жанұя тұр. Алдағы уақытта 200-дей отбасы тұрғын үймен қамтылады. «Бұл мәселе 2-3 жылдың көлемінде толығымен шешімін табады», - деді облыс әкімі. Республикадан келген делегацияның Тобыл жеріне сапары 2 күнге созылады. Министрлер аудан, ауылдардың халқымен де кездеседі.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы