377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Балқаштағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бейімдеу орталығы жаңа ғимаратқа көшті

  • 150
  • UPD: 22:45, 04.04.2019

Қарағанды облысының Балқаш қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Үлкен жүрек» даму және әлеуметтік бейімдеу орталығы жаңа ғимаратқа көшті.

Заманауи үлгіде жабдықталған нысанды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тау-кен компаниясы тарту етті.

«Үлкен жүрек» даму және әлеуметтік бейімдеу орталығы алғаш рет осыдан он жыл бұрын ресми түрде тіркеліп, мүмкіндігі шектеулі балаларды кішігірім ғимаратта қабылдай бастаған. Осы жылдар аралығында 200-ге жуық бала мен көмекке мұқтаж балқаштықтарға қызмет көрсетілген.

Людмила Денисова, «Үлкен жүрек» даму және әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры:

– Осы уақыт аралығында 50-ден астам бала мектепте оқу мүмкіндігіне ие болды. Ол мамандандырылған мектеп-интернат болса да, балалар үйде отырмай, білім алып жатыр. 12-ден астам бала жалпы білім беру мектептеріне жолданды. Ал 20-ға жуық бала біздің орталыққа келгенде, мүлдем сөйлей алмайтын, қазір олар тіпті ән де айтады.

Демеуші тарту еткен жаңа ғимараттың құны – 40 млн теңге. Мұнда емдік дене шынықтыру, еңбек терапиясы, арт-терапия сынды заманауи үлгіде жабдықталған кабинеттер бар.

Рәбиға Мұхамеди, ата-ана:

– Бұл жерде көптеген кабинет бар, балаларды сауықтыруға олардың психикалық-эмоциялық жағдайын жақсартуға барлық жағдайлар жасалған. Бұл жерде жақсы мамандар еңбек етеді. Сондықтын ата-ана ретінде біз өте ризамыз.

Бүгінде Балқаш қаласында 233 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның 41-і – психоневрологиялық ауруға шалдықса, 22 баланың тірек-қимыл аппараты зақымданған. 18 жастан асқан психоневрологиялық сырқаты бар науқастың саны – 57. Қазір орталық 120 адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Өйткені жаңа ғимарат қосымша жұмыс орындарын ашуға сеп болып отыр. Осылайша мүмкіндігі шектеулі балалардың жеке дамуы мен әлеуметтік-оңалтуына жағдай жасалмақ.

Авторлары: Абдиева Айнұр, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы