377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысындағы ауыл халқы көтерген мәселелер әлеуметтік желіде қаралады

  • 345
  • UPD: 12:28, 05.04.2019

Маңғыстау облысындағы Басқұдық елді мекенінің тұрғындары көтерген мәселелер әлеуметтік желіде қаралады.

Ауыл әкімінің айтуынша, парақшаға келіп түскен жазбаларға жұмыс күнінің соңына дейін нақты жауап беріледі. Жұртшылық бұл жұмыстың нәтижесін көріп отыр. Бұрын әкімдіктен күн ұзақ кісі арылмайтын. Бүгінде олардың саны біршама азайған.

Мына әлеуметтік желі деген жақсы болды. Бұрынғыдай әкімдікке арнайы барудың енді қажеттілігі жоқ. Осында жазбамды қалдырамын, сосын мәселе шешіледі.

Зиза Мұңадбаева осы ауылдың Басқұдық деп аталатын тұрғын үй алабында тұрады. Жасы елуге толған ауыл тұрғыны әлеуметтік желінің пайдасын алты жылдан бері көріп келеді. Әкімнің парақшасына қалдырған ұсыныс-пікіріне фотосурет қосып, мәселенің растығын дәлелдеуді әдетке айналдырған.

Зиза Мұңадбаева, ауыл тұрғыны:

- Осы Басқұдық ауылында әлі күнге дейін газ бармаған жер үйлер көп еді. Осы мәселені ауыл тұрғындары болып көтеріп жүргенбіз. Әлеуметтік желіге, әкімге жазып-жазып, осы мәселе енді ғана шешімін тапты. Естуімше, 200-ден астам үйге жақында газ барды. Қазіргі мәселе кеше ғана жауған жаңбыр суы. Сол жаңбыр суын құрғатуды сұрап, әкімнің блогына жазып отырған жайым бар.

Жаңбырдан соң көшелерді құрғатуға ауыл әкімі ерте қамданып, сала мамандарына тапсырма берген. Ол лай суды кешіп, таңертеңнен бері атқарылып жатқан шараларды бақылап жүр. Дәл қазіргі сәтте арнайы техникалардың қай жерде тұрғанын, жұмыстың қалай жалғасатынын алдын-ала әлеуметтік желіде хабарлап, халықты құлақтандырып қойған.

Өсер Тілепов, Басқұдық ауылдық округінің әкімі:

- Бұл жұмыстар таң атпастан бұрын басталған болатын. Жауын-шашыннан жиылған суларды ең бірінші әлеуметтік нысандардан, атап айтар болсақ мектеп, балабақшаларға баратын жолдарды ашудан басталды. Себебі, ел-жұрт жұмыстан, балалар сабақтан қалмауы керек.

- Сонда ауыл тұрғындары осы көшеден соң жұмыстың қалай жалғасатын біліп отыр ғой?

- Әрине менің жеке парақшама осы уақытқа дейін жасалған және жасалатын жұмыстарды жариялап отырамын. Жұмыстардың барлығы жасалған соң өзіміздің баспасөз хатшымыз халыққа толыққанды жауап береді. Жалпы осы уақытқа дейін өтініштердің барлығы онлайн түрде қанағаттандырылып келе жатыр. 

Басқұдық ауылдық округі жеті тұрғын үй алабынан құралған. Әрқайсысында жүзге жуық жер үй тұр. Елді мекен әкімі өз парақшасында тұрғындарды әлеуметтік желіде байланысып отыруға шақырады екен. Оның айтуынша, ең белсенді қолданушылар қоғамдық бақылау топтарына алынған. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы