377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да су деңгейі төмендеді

  • 83
  • UPD: 23:47, 05.04.2019

Ақмола облысында орналасқан Шағалалы қоймасынан секундына 25 текше метр су жіберіліп, аттас өзенде су көтерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның үстіне Көкшетаудағы Қопа көлі тасып жатыр. Салдарынан мұз кептелісі орын алып, күні кеше Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша қаласына тасқыннан қауіп төнді. Осыған байланысты бұл елді мекенге Ақжар ауданынан қосымша арнайы жасақ жіберілді. Құтқарушылардың жедел әрекет ету жұмыстарының арқасында бүгінде су 150-200 метрге азайды. Енді ол Теңдік, Мироновка және Кантемировское ауылдарына беттеп келеді. «Жалпы, бүгінгі күні өңірде жағдай тұрақты», – дейді Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары. Бір-де бір үйге су кірмеген. Ал «Сергеев су» қоймасында су қалыпты деңгейден 47 сантиметрге көтерілді.

Рамиль Қамалов, облыстық ТЖД бастығы:

- Теңдік және Кантемировское ауылдарына арнайы жасақ жіберілді. Менің орынбасарым мен аудан әкімі жағдайды қатаң бақылауда ұстап отыр. Тасқын сол маңдағы жолдарды шайып кетуі мүмкін. Қазір бізде облыстық, аудандық жолдардың 9 учаскесін су басып қалды. Жалпы айта кету қажет, бүгінде аймақта елорда мен Жамбыл облыстарынан келген 60-тан астам құтқарушы еңбек етуде.

Ал өңірдегі Уәлиханов ауданына қарасты Береке ауылының тұрғындары әлі күнге жарықсыз отыр. Өйткені осыдан біренеше күн бұрын тасқын мұнда электр бағанасын құлатқан болатын. Қазір Ақмола облысының мамандары қауіпсіздік ережелеріне байланысты тоқты уақытша қоспай отыр.

Хабар 24 телеарнасы