379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Nur Otan-ның Көкшетаудағы филиалына көп балалы отбасылардан 431 арыз түскен

  • 98
  • UPD: 23:43, 05.04.2019

Көкшетаулық аз қамтылған отбасыға Nur Otan партиясы атынан 1 млн теңгенің сертификаты тарту етілді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оны бүгін партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев аймаққа жұмыс сапары барысында табыстады.

Айта кетейік, бұл отбасы 4 бала тәрбиелеп отыр. Оның екеуі сал ауруына шалдыққан.

Бес баланың анасы Үмітжан Қобылова тұрмыс тауқыметі қысқан соң бүгін амалсыздан Nur Otan партиясына қарай бет алды. Ұл-қыздарының алды студент. Мәселен, үлкен қызының оқуына жыл сайын 445 мың теңге төлеу қажет екен. Оның үстіне жалдамалы пәтерде тұрады.

Үмітжан Қобылова, көп балалы ана:

- Мен қазір кіші баламды бағып үйде отырмын. Жолдасымның жалақысы қалай тартсаң да жетпейді. Тіпті колледжде оқитын ұлымды оқу ақысын төлемегендіктен, оқудан шығарып да жіберді. Осында бүгін көмек сұрап келіп отырмын.

Үмітжанды партия филиалындағы қоғамдық қабылдау бөлімінде Төрағаның бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың өзі қабылдады. Жалпы, «Халыққа көмек» атты жаңа форматта жұмыс жасауда. Мұнда барлық мемлекеттік органдардың өкілдері отырады. Ал партия атынан Үмітжанға қызының оқуына жетпей тұрған 200 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасына да барып, қал-жағдайларын сұрап-білді. Әрі партия атынан пәтерді жекешелендіруге жетпей тұрған 900 мың теңгеге тағы 100 мың теңге қосып, 1 млн теңгенің сертификатын табыс етті.

Мәулен Әшімбаев, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- «Бақытты отбасы» жобасы – халықтың әл-ауқатын ары қарай арттыруға, осындай отбасыларға нақты көмек көрсетуге бағытталған жоба. Бүгін біз осы жобаның бірінші жемістерін, бірінші нәтижелерін көріп жатырмыз деп айтуға толық негіз бар. Демек біздің партиямыз халықтың жағдайын ары қарай жақсартуға өзінің бір үлесін қосуда. Ары қарай да осы жобаларды жалғастыратын боламыз. Бұл – біздің партиямыздың халықтың мүддесін қорғайтын негізгі күш екенінің бір дәлелі.  

Сапар соңында Мәулен Әшімбаев Көкшетау қаласындағы жақында су басқан үйлердің тұрғындарымен де кездесіп, жергілікті билік өкілдеріне оларға барлық көмектің толық жасалуын қадағалауды тапсырды.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы