379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық жастар Брюссельде өткен фотобайқауда топ жарды

  • 109
  • UPD: 15:27, 06.04.2019

Брюссельде өткен сурет сайысында қазақстандық жас фотографтар жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың туындыларына көпшілік таңдай қақты.

Шараның басты мақсаты - Еуропа мен Орталық Азия мәдениетін жақындастыру. Суреттер сынына жас шеберлердің 60 туындысы қатысты. Оннан астам фотосуретті жерлестеріміз Константин Киквидзе мен Катерина Кошко түсірген. Суретшілер Қазақстанның тұмса табиғатын, мәдениеті мен салт-дәстүрін және күнделікті тұрмысын көрсетуге тырысқан. Еңбек зая кеткен жоқ, олар жүлделі орындарға ие болды.

Доминик Вотер, көрмеге келуші:

– Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қазақстанды жақсы білемін. Кезінде Орталық Азияда жұмыс істедім. Осы суреттерде бейнеленген қазақ ауылдары мен таңғажайып табиғатын өз көзіммен көрдім. Ірі қалалардан ұзап, осындай әдемі суреттер түсіруге болады. Әсіресе гүлдер жайылған көктемгі дала көз жауын алады.

Доминик жуырда жұбайымен бірге қазақ елін велосипедпен аралауға бекініп жүрген болатын. Осы көрмеден кейін мақсатын жүзеге асыруға ниетті.

Константин Киквидзе, фотограф /Қазақстан/

– Саяхатшылар біздің елге келіп, «Орталық Азия елдерінің туристтік белдеуі» деп аталатын сапар жасауына болады. Өйткені әр ел мәдениетімен, кейде қайталанбас табиғи көрінісімен бір-бірін толықтырып тұрады. Туристік әлеуетіміз зор, ал осындай шаралар Орталық Азия мен Қазақстанды тануға, туризмнің дамуына септігін тигізеді.

Катерина Кошко, фотограф /Қазақстан/

– Осындай шаралардың басты мақсаты – суреттер мен бейнелер арқылы ұлы даланы мекендейтін қарапайым тұрғындардың өмір салтын көрсету, мәдени байланысты жандандыру.

Фотографтар жас болғанымен, талантымен талайты тәнті еткен нағыз өз ісінің шебері.

Олар «Беймәлім Қазақстан» жобасы аясында Тұңғыш Президент қорымен бірлесіп еңбек етіп келеді. Болашақта да еуропалықтарды туған жерімен жақынырақ таныстыруды жалғастыра бермек.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы