380.89 423.60 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында қасіретті жылдардағы әскери тұтқындардың құжаттары туыстарына беріледі

  • 95
  • UPD: 08:08, 07.04.2019

Қуғын-сүргін құрбандары мен соғыс жылдарындағы әскери тұтқындардың үстінен қаралған қылмыстық істер бұдан біраз жыл бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан алынып, полицияға берілген болатын.

Содан бергі уақытта Алматы облыстық Полиция департаментінің ақпараттық-талдау орталығына жүздеген өтініш түскен. Олардың көпшілігі қанағаттандырылған.

Ақсу ауданында тұратын Ғабит Мұсабаланов әкесі жайындағы барлық шындықты білу үшін облыстық Полиция департаментінің ақпараттық-талдау орталығына келді. Ол кісі Ұлы Отан соғысы жылдарында фашистердің тұтқынына түсіп, 3 жыл еңбек лагерінде болған екен. Соғыстан кейін тағы 25 жыл ауыр күндерді бастан кешкен. 1953 жылы кінәсі кешірілгенімен, «Отанын сатты» деген таңба өзінен де, отбасынан да түспей қойған. Ал артында қалған ұрпақтары жақсы оқып, өмірден өз орындарын тапқан. Енді әкелерінің ешқандай жазығы жоқ адам болғандығына көз жеткізіп отыр.

Ғабит Мұсабаланов, Ақсу ауданының тұрғыны:

- Біздің әкеміздің саясаттың құрбаны болғандығын естіп, немістердің лагерьлерінде болғандығы туралы өмірін оқып отырып, оны мақтан етеміз.

Мұрағат құжаттарын Ілияс Жансүгіров атындағы әдеби музей де алып отыр. Мұнда ақынның түрмедегі суреті мен төлқұжаты сақтау үшін берілді. Бүгінде облыстық Полиция департаментінің ақпараттық-талдау орталығында қасіретті жылдардың 8 мыңнан астам құжаты сақтаулы. Олар бұдан 5 жыл бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан алынған. Содан бері туыстарының тағдыры жайында толық мәлімет алғысы келетін қаншама адамнан өтініш-хаттар келген. Олардың арасында шетелдік азаматтар да бар.

Зухрабану Керімқұлова, Алматы облыстық полициясы ақпараттық-талдау орталығының инспекторы:

- Былтыр біз 100 өтінішті қарап шықтық. Биылғысының өзі 40-қа жетті. Жақында Германияның бір тұрғынынан хат келді. Әкесі кезінде қуғын-сүргін көрген, әскери тұтқын да болған екен. Біз оның барлық құжаттарын – суретін, жеке төлқұжатын арнайы поштамен салып жібердік.

Мұрағатта сақталған барлық құжаттар жақында республикалық бірыңғай базаға енгізілді. Қуғын-сүргін құрбандары мен әскери тұтқындардың туыстары енді интернет арқылы кез келген уақытта Ішкі істер министрлігінің веб-порталына кіріп, қажетті ақпараттарды алуына болады.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы