379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысының Балқаш қаласында балалар технопаркі ашылды

  • 103
  • UPD: 08:34, 07.04.2019

Заманауи ғимаратқа қазір 500 бала келеді.

Оқушылар кемені модельдеп, роботтар жасап қана қоймай, балқаштықтарға қызықты бағдарламалар түсіреді.

«Стоп-кадр» балалар телестудиясына Балқаш қаласының 60 оқушысы қатысады. Жаңалықтар тізгінін жинайтын жүргізушілер, тілшілер, операторлар мен инженерлер бар. Жасөспірімдердің жасаған жаңалықтары жергілікті телеарнадан апта сайын шығады. Жас жұлдыздарды қала тұрғыны көшеде танып та жатады екен. 

Мұрат Әлішер, Балқаш қалалық №16 мектеп оқушысы:

- Біз, журналисттер әр апта сайын өзіміз ізденіп жаңалықтар жасаймыз. Сол жаңалықтарды қорытындылап, өзіміз операторлармен түсіреміз. Бұл үйірмеде мұғалімдер журналистиканың қыр-сырын үйретеді.

Технопарк мектеп оқушыларынан басқа студенттер мен балабақша бүлдіршіндерін де қабылдауға қауқарлы. Мұнда балалар 3D-модельдеумен шұғылданып, роботтарды жинайды. Ал үйірмеден тыс уақытта ғылыми-тәжірибелік Кампус кабинетіне келіп демалады.

Иван Гончаров, Балқаш қалалық  №17мектеп-лицей оқушысы:

- Мені робототехника өте қызықтырады. Мұнда келгеніме аз уақыт болса да, затты әкеліп бере алатын робот жасап үлгердім. Алдағы уақытта халықаралық турнирге роботымды апарсам деген арманым бар.

Технопаркті жабдықтауға қалалық бюджеттен 2 жарым млн теңге бөлінген. Оған қоса қаланың дамуына үлесін қосып жатқан демеушілер де қол ұшын берген. Қазір балқаштық балаларға арналған тегін 7 техникалық шығармашылық үйірме бар.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы