379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талдықорғанда қатты тұрмыстық қалдықтардың небәрі 10 проценті өңделеді

  • 137
  • UPD: 08:20, 08.04.2019

Бүгінде Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласынан шығатын қатты тұрмыстық қалдықтардың 10 проценті ғана өңделуде.

Қалғаны көміліп жатыр. Бұл жаңадан қабылданған экологиялық кодекске қайшы. Мамандар жұмыстың дұрыс жүрмеуінің бірнеше себебі бар екенін айтады. Біріншіден, халық органикалық заттар мен қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жәшіктерге тастамайды. Екіншіден, қалада қоқыс шығаруға қатысты нақты тариф бекімеген. 

Талдықорған қоқыс өңдеу зауыты 2017 жылы ашылды. Қазір 35 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Мұнда күніне 80 тонна қоқыс жеткізіледі. 60 пайызы күл мен құрылыс қалдықтары болса, қалғаны қатты тұрмыстық қалдықтар. Соның 10 пайызы ғана осында өңделеді. Одан жергілікті құс фабрикаларына арналған өнімдер мен полиэтилен түйіршіктері өндірілуде. Тұрмыстық қалдықтардың тең жартысынан астамы қайта өңдеуге келмейтіндіктен, көміліп жатыр.

Кенжегүл Қалымбетова, сұрыптаушы:

- Осы келген қалдықтарды әркім жеке-жеке пакеттерге салып жіберсе, өтініш. Сұраймыз соны. Біздің жұмысымыз жеңіл болар еді, өзіңізге де жақсы болар еді. Сұрыптау қиын болып тұр.

Ерлан Дүйсебаев, қоқыс өңдеу зауытының директоры:

- Біздің халық дайын емес оған. Тамақ қалдықтарын бөлек жіберсе, онда сапасы өсер еді. Сұрыпталып алынатын заттардың көлемі өсер еді.

Бірақ әзірге олай болмай тұр. Қаладағы көпқабатты үйлердің ауласына қоқысты бөлек тастайтын жәшіктер орнатылғанымен жағдай еш өзгерер емес.

Ерлан Дүйсебаев, қоқыс өңдеу зауытының директоры:

- Экологиялық кодекс бойынша өңдеуге келетін заттарды көмуге құқығымыз жоқ. Ол деген сөз, біріншіден, бізде қатты қалдықтар көмілетін полигондардың саны азаяды. Екіншіден, экологиялық ахуалды жөнге келтіреді. Пластмасса, целлофан сияқты заттар негізі мұнайдан алынатын болғаннан кейін, біздің өзіміздің қазба байлықтарымызды үнемдеуге өз септігін тигізеді.

Бұған қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға арналған нақты бір тарифтің бекімеуі де кері әсер етіп отыр. Қалалық әкімдіктегілер бұл бағытта жаңа тарифтік жоба әзірленіп, тиісті мекемелерге жолданғанын айтты. Ол бойынша көпқабатты үйлердің тұрғындары бұрынғыдай 134 теңге емес, 125 теңге төлейді. Ал заңды тұлғалардан тұрмыстық қалдықтардың  1 текше метрі үшін 1200 теңгеден алынады.

Мадияр Нұрахметов, қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:

- Талдықорған қаласының ресми сайтына және «Талдықорған газетіне жоба жарияланған болатын. Қазіргі таңда нормативтік-құқықтық актілерді Әділет басқармасына тіркеу үшін ақпараттық жүйе арқылы келісуге жіберілді.

Талдықорған қоқыс өңдеу зауытында биыл органикалық қалдықтардан биологиялық қарашірік пен тыңайтқыш шығаратын жаңа желі іске қосылады. Болашақта қайта өңдеуге келмейтін қалдықтарды өртеп, одан электр қуатын өндіретін шағын кәсіпорын салынбақшы.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы