379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда бұрынғы полиция қызметкері 13 жылға сотталды

  • 190
  • UPD: 18:06, 08.04.2019

Оралда өз бастығын атып өлтірген күзет полициясының бұрынғы қызметкері Серік Ғарифке қатысты сот үкімі шықты.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны кінәлі деп тауып, 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Бұл оқыс оқиға өткен жылдың 6 қыркүйегінде Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында болған еді. Сотталушы Серік Ғариф өзінің табельдік қаруымен взвод командирі марқұм Рүстем Рақышевты 7 мәрте атқан. Атылған оқтардың барлығы да денесіне дарып, ауыр жараланған Рақышев сол жерде қайтыс болды. 

Ал сержант Серік Ғариф бұдан кейін бірден тұтқынға алынған. Қазір оның жасы 25-те. Сот болған оқиғаға қатысты барлық мән-жайларды баяндай келе айыпталушыға үкім шығарды.  

Бақыт Ермаханов, облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

- Ғариф Серік Нұрланұлының ҚК 99-бабы 1-бөлімімен сотқа берген қылмыстық ісін қарап анықтады. Соттың 8 сәуір 2019 жылғы күнімен Ғариф Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлімімен кінәлі деп танылып, 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу тағайындалған. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ. Взвод командирі болған Рүстем Рақышевтың артында зайыбы мен бір ұл бір қызы қалды. Сотталушы марқұмның отбасына моральдық және материалдық шығынның өтеуі ретінде жалпы сомасы 6 млн 700 мың теңге төлеуі тиіс. Алайда жәбірленуші тарап сот үкімімен келіспейміз деп отыр.

Жасқайрат Рақышев, Р.Рақышевтың әкесі:

- Ғарифтің өзі айтады, жұмыс жөнінде болған оқиға. Галстукты дұрыс кимедің деп ескерту жасаған. Алқа-салқа жүрген. Үстіне киген киімі де ұқыпты емес. Бастығының айтқанын тыңдағысы келмеген. Өзі де сөз беріп отыр. Мен 99-дың 2-бабын талап етемін. Жаза 20 жылдан төмен болмауы керек. Мен келісе алмаймын.

Сонымен қатар сот осынау оқыс жағдайға жол берген, ұжымдағы моральдық ахуалды дер кезінде бағамдай алмаған тұлғаларға қатысты әлі де кешенді тексеру жүргізу жөнінде жекеше қаулы шығарды. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы