379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы кәсіпорында сүт өнімдерінің 150-ден астам түрі шығарылады

  • 111
  • UPD: 20:53, 08.04.2019

Сүт өндірісі бойынша Шығыс Қазақстан облысы елімізде көш бастап тұр.

Тек 2018 жылы 915 мың тонна сүт өнделіпті. Қазір Өскеменде осы саланы одан әрі дамыту үшін тағы бір ірі зауыт салынып жатыр. Ол іске қосылғанда сүттен жасалатын тағам түрі қазіргіден де көбейеді. Және ең бастысы, жүздеген жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Бұл сүт зауыты – еліміз бойынша ең ірі кәсіпорындардың бірі. Ең алғаш ашылғанда 3 тонна ғана сүт өңдесе, қазір 130 тоннаға жетеді. Дайын өнім де екі есеге артқан. Жақында ғана кәсіпорын толық жаңғыртылды. Италияның соңғы үлгідегі қондырғылары қойылды.

Андрей Кудинов, сүт зауытының механигі:

- Жаңа қойылған қондырғылармен жұмыс істеу оңай. Жарты литрлік ыдыстарға дәлме-дәл құйылады. Бұрынғы автоматпен  өнім көлемі 2 мың есе болса, қазір тағы 1 мың есе артты. Бұрын сүт құйылған қалташалар қақпақсыз болатын. Енді арнайы қақпақпен шығарып жатырмыз.

Айран-сүт қана емес, 150-ден астам өнім шығарылады. Тіпті сәбилерге арналған сапалы тағамның өзіндік бренді қалыптасқан. Бұл жұмыстың бәрі автоматты жүзеге асады.

Кәсіпорын өңдеу көлемін әлі де арттыруды жоспарлап отыр. Болашақта тәулігіне 180 тоннаға жеткізбек. Ол үшін мемлекеттің қаржылай қолдауы арқасында жаңа жобаны қолға алды.  

Анна Аберле, компанияның бас директоры:

- Біз жаңа өндірістің құрылысын бастадық. Қазір жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бұл жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгедей болады. Бұл қаржының 60 проценті – несие, ал қалған 40 проценті өз қаржымыз.  

Жаңа зауыт келер көктемде іске қосылуы мүмкін. Нәтижесінде сүттен жасалатын тағамның түрі көбейетін болады. Оған қоса 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Ал қазір жалпы кәсіпорында 800 адам еңбек етіп жүр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы