379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің тарихындағы ең елеулі оқиғаға дейін екі ай уақыт қалды

  • 142
  • UPD: 17:36, 09.04.2019

Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы тура 61 күннен кейін өтеді. 9 маусымға белгіленген саяси науқан қоғамдық-саяси тұрғыда ең маңызды оқиға болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған үндеуінде бұл шешімді қабылдауға не түрткі болғанын айтты. 

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең алғашқы президенттік сайлау 1991 жылы өтті. Саяси додалар реті 1995, 1999, 2005, 2011 және бертінде 2015 жылдарда да жалғасты. Енді міне тәуелсіз елдің үшінші онжылдығы түгесілер тұста тағы бір маңызды оқиға болғалы тұр. Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін жалғастырған Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президеттік сайлау өткізуге бел буды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін елімізге және әрқайсымызға қатысты аса маңызды Үндеу жариялап отырмын. Еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдадым. Мен бұл жауапты шешім бойынша Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен ақылдастым. Парламенттің қос палата спикерімен, Премьер-Министрмен кеңестім. Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгіндім. Парламенттегі партия жетекшілерімен кездестім. 

Келісіп пішкен тон келте болмас. Бұл ұлт даналығына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Оның үстіне қазақ елінің ауызбіршілігіне сызат түсірмес үшін дер кезінде осындай шешім қабылдау қажет болды. Биліктегі транзит сонымен аяқталады. Ал демін ішіне тартқан халық ерікті түрде өз таңдауын жасаса, сұқтанып отырған сырт көз де сабасына түсер еді. Мерзімінен бұрын сайлау өткізудің ең негізгі мақсаты осы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау өте маңызды әрі қажетті қадам. Біз Елбасымыздың арқасында тәуелсіз, қуатты мемлекет құрдық. Қазақстан халықаралық жүйеде өзіне лайықты орнын алды. Бізді ықпалды және белді мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындайды. Қазіргі таңда тарихи кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Жоғарғы билік заңды және бейбіт жолмен ауысты. Бүкіл әлем қоғамдастығы осы оқиғаны түсіністікпен және құрметпен қабылдады. Мемлекет басшысы ретінде мен өзімнің міндетімді және жауапкершілігімді терeң сезінемін. 

Бұл сайлау елге жаңашылдық әкелуі қажет. Қалай болғанда да, одан бірінші кезекте халық ұтады. Билік басына тұрақтылық орнап, берекелі тірлік жалғасады. Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы әр түрлі алып қашпа әңгімелерден құлағдар екенін жасырмады. Сондықтан елең-алаң күйде отырған халықты осылай сабырға шақыруды жөн деп тапты. Бұдан бөлек, келер жылы елімізде өзге де маңызды оқиғалар өтуі тиіс. Соның бірі халық санағы. Бұл шаралар бір-бірімен қабаттаспас үшін саяси науқанды биыл өткізудің өз жөні бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Президент лауазымына кіріскеннен бастап өңірлерді аралап жүрмін. Халықтың көңіл-күйін жақсы білемін. Зиялы қауыммен, еңбек ұжымдарымен, бизнес өкілдерімен, инвесторлармен, халықаралық тұлғалармен кездестім. Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек.

Халықтан кейін ел экономикасына қомақты қаржы құйып отырған инвесторлар да билік мәселесіне алаңдаулы. Сан түрлі салада кедергісіз жұмыс істеу үшін тізгін толықтай президенке берілуі шарт. Қауесет көп тараған қоғамда көпшілік біреудің арбауына немесе алдауына еріп кетпеуі қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сондықтан елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оның үстіне әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін. Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек. Ол үшін аталған тағдырлы шешімді қабылдадым. Мұндай шешім тек халықтың тікелей еркімен сайлауда қабылдануы қажет. 

Кезектен тыс президент сайлауын өткізудің астарында ұлттық мүдде де бар. Алмағайып заманда әбжіл әрекет етпесек, көш соңында қалып кетуіміз әбден мүмкін. Әлемдік қауымдастықтың тұрақты президентті қолдайтыны тағы бар. 1 жарым жылдан соң өтуі тиіс сайлауды күтіп жүргенде, халықаралық деңгейдегі абырой-беделдің төмендеп кетпеуіне кепіл аз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен Мемлекет басшысы ретінде сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни сіздерге  сенемін.

Бірлік бар жерде тірлік бар. Дәл қазіргі сәтте Президенттің бұл халық даналығын сөз қылуы бекер емес. Оның өзектілігі айтпаса да түсінікті. Ол аз десеңіз, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын кезең бұл.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қадірлі Отандастар! «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді дана халқымыз. Алдағы сайлауға баршаңызды барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Еліміздің келешегі, әр отбасы мен әр азаматтың тағдыры Сіздердің шешімдеріңізге тікелей байланысты!

Сонымен ел тарихындағы ең елеулі оқиғаға екі ай уақыт бар. Қасым-Жомарт Тоқаев пәрмен берген науқанға енді қызу дайындық басталады. Былайша айтқанда, аламанға әзірлік жүреді. Оның әділ, ашық әрі шынайы түрде өтуі біріншіден Мемлекет басшысының, екіншіден сіз бен біздің қолымызда.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы