389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алдағы он жылда ШҚО-да 200-ден астам ауыл ерекше қарқынмен дамиды

  • 546
  • UPD: 08:20, 10.04.2019

Алдағы 10 жылда Шығыс Қазақстан облысында 200-ден астам ауыл ерекше қарқынмен дамиды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір келешегі кемел елді мекендер нақты анықталып болды. Енді олардың инфрақұрылымын одан ары дамыту үшін қажетті қаржы қарастырылып жатыр. Өңірде қазір «Ауыл – ел бесігі» республикалық жобасын іске асыру басталып кетті. Өз ауылын көркейтуге жергілікті кәсіпкерлер де құлшынып отыр.

Шығыс Қазақстан облысында үлкенді-кішілі 710 ауыл бар. Оның 600-ге жуығы орташа даму деңгейінде. 92 ауылдың  деңгейі өте жоғары. Яғни бұл ауылдарда кәсіпорындар жұмысы тұрақты ірі шаруашылықтар кең қанат жайған. Жұмыссыз жүрген адам жоқ. Болашағы жақсы ауылдар осындай талаптар бойынша анықталып жатыр. Енді осы ауылдадарды ары қарай да дамыту үшін қаржы бөлінеді.

Алмасхан Сматлаев, облыс әкімінің орынбасары:

- «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасынан Шығыс Қазақстанға 4,3 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде 2,1 миллиарды республикадан бөлінсе, 2,4 миллиард біздің облыстан бөлініп отыр. Ол ақша біріншіден, білім және спорт денсаулық ошақтарына жіберіледі.

Негізгі қаржы әлеуметтік нысандарды жөндеп, жол салуға жұмсалады. Әуелі орталықтандырылған су құбыры тартылып, газ қосылады. Қазірдің өзінде Зайсан қаласы мен осы аудандағы 9 ауылдың тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді.

Дархан Тохтаров, облыстық ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Қазіргі уақытта Тарбағатай ауданында 8 елді мекеннің құжатнамасына бюджеттік өтінім өткіздік. Сметалық құжат дайын болғанда ары қарай басқа да аудандарды газдандыру жұмысы жүргізіледі.

Жалпы алдағы 10-15 жылда аймақта 24 елді мекен газға қосылмақ. Дегенмен, солтүстік аудандарды газдандыру мәселесі қалай шешілетіні әзірге белгісіз. Есесіне бұл аудандарда өндіріс пен егін және мал шаруашылығы жақсы дамыған. Шемонаиха ауданындағы Қамысты ауылындағы ірі қара өсіретін шаруашылық бүкіл облыстың тең жартысын ет және сүтпен қамтып отыр. Агрокешен жетекшісі аудандағы әлеуметтік саланың әлденуіне қаржы аяған емес.

Владимир Акулов, агрокешен директоры:

- Біз әлеуметтік саланы қолдап, қаржы бөлмесек, онда ауыл құрып кетеді. Менің ұстанымым - ауылда бәрі болу керек. Жақсы мектеп, балабақша дегендей. Өткен жылы біз өз қаржатымызға ауылдық фельдшерлік тірек нысанын салдық. Енді мектептің жобасын жасап қойдық. Ауылда халық тұрақтау үшін үй салып жатырмыз

Жарты жыл бұрын ғана Қамысты ауылындағы балабақшада тағы бір топ ашылды. Оған қажетті құрал-жабдық алуға шаруашлық көмектескен. Тәрибешінің еңбекақысын да беріп отыр. Осылайша, аймақта ауылдардың ажарлануына тек мемлекет қана емес, сол жердегі кәсіпкерлер де атсалысып жатыр. Басты мақсат - ауылдың дамуы бүкіл елдің дамуы.

Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы