377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тоқаевтың кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеуін қазақстандықтар қалай талқылап жатыр?

  • 169
  • UPD: 09:34, 10.04.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеуін қазақстандықтар қалай талқылап жатыр.

Сайлау саяси жүйені жетілдіре түсетіні анық. Елдің дамуын жаңа сатыға көтеріп, болашақты айқындайды. Көпшіліктің көкейіндегі ой осыған саяды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тез өзгеріп, мың құбылып тұрған жаһандану заманында мемлекеттің басшысы болуы тиіс. Ол - ішкі және сыртқы саясаттағы тұрақтылықтың кепілі болады. Тәуелсіз мемлекеттің дамуы жолында бұған дейін атқарылған қыруар іс жалғасын тауып, еліміз жаңа бір сатыға көтеріледі. Талдықорғандағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері осылай дейді. Сондықтан әр қазақстандық елдің тағдырын ойлап, саяси науқанға атсалысса деген ойда.

Лариса Котельникова, қоғамдық бірлестік жетекшісі:

- Қазақстанның дамуы жаңа кезеңге көтеріледі деген ойдамын. Бұл барлығымыз үшін маңызды әрі дұрыс шешім. Қазақстандықтар сайлауға белсене қатысып, өзіндік таңдауын жасайды деген сенімдемін.

Әйгерім Сарымсақова, жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

- Мен өз өмірімде осымен екінші рет сайлауға қатысқалы отырмын. Елдің ертеңі осы сайлауға тікелей байланысты. Сондықтан мен зор жауапкершілікті сезіне отырып, дауыс беруге барамын.

Басты мақсат - сыртқы саяси-экономикалық байланысты нығайтып, тұрақтылықты жоғалтпау. Сондай-ақ әр саладағы реформаларды одан әрі дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру. Ендеше саяси науқанды сәтті өткізіп, Президентімізді сайлап алу маңызды. Қарағандылық кәсіпкерлер сайлаудың ашық өтеріне сенеді. Шағын және орта бизнестің кедергісіз дами беретініне де күмін келтірмейді.

Серік Санаубаев, облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры:

- Менің өз ойым бойынша бұл сайлау керек. Уақытылы деп есептеймін. Өйткені біріншіден, халықаралық жағдайды ескеру керек, екіншіден мынау өзіміздің ішкі жағдайды ескеру керек. Расын айту керек, халық арасында түсінбеушілік болды. Сондықтан біз өзіміздің Президентімізді сайлап алуымыз керек. Ол Президент ертеңгі күні Қазақстанды алға қарай жетелеу керек, ол Президент Елбасының салып кеткен стратегиясын орындау керек.

Кезектен тыс сайлау дер кезінде өткелі отыр. Ең бастысы - таңдау жасайтын тарихи сәтте халық жауапкершілікті сезініп, дұрыс таңдау жасауы тиіс. Елдің болашағын алыстан болжайтын оқытушы-ғалымдардың пікірі осындай.

Жанар Таласпаева, М.Қозыбаев атындағы сқму профессоры:

-Бүгінгі күні әрине елімізді ары қарай өркендеудің жолына бастайтын, бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатудың кепілі болатын мықты саясаткер, алыстан болжайтын мықты Президентімізді сайлап алу біздің ең маңызды қадамымыз деп айтамын. Осыған дейін еліміз қаншалықты қарқынды дамып келді, сол дамуға бір сәл мысқалда түсірмей ары қарай өркендеудің жолын ұстанатынына мен енді үлкен сенім білдіремін.

Сайлау туралы пікір айтқандардың ойы бір арнаға тоғысты. Сайып келгенде, геосаяси тұрақтылықты сақтау, әлеуметтік-экономикалық және рухани даму мен халықтың тұрмысын жақсарту жолындағы жұмыстардың жалғасқанын қалайды.

Авторы: Ақсәуле Байменшина

Хабар 24 телеарнасы