379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетау қаласының негізі қаланғанына биыл 195 жыл толды

  • 144
  • UPD: 09:24, 10.04.2019
Көкшетау қаласының негізі қаланғанына биыл 195 жыл толды

Биыл қазақ жеріндегі көрікті мекеннің бірі – Көкшетау қаласының негізі қаланғанына – 195 жыл.

Осы уақыт аралығында шаһар адам танымастай өзгерді. Халық саны өсіп, зәулім ғимараттар, жаңа тұрғын үйлер пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ қалада көне заманның куәгерлеріне айналған тарихи нысандар да жеткілікті.

Нұршапағат Несіпбаев, «Хабар 24» арнасының тілшісі:

- Көкшетау – шағын қала болғанымен, тарихы терең ғимараттары көп. Мәселен, бұл – қалалық тарихи музей. Қазір осылай аталады. Ал бұрынырақта, нақтырақ айтқанда, соғыс жылдарында бұл жаралы жауынгерлерге көмек көрсетілетін госпиталь болған. Жолдың арғы бетіндегі ғимарат та солай. Кезінде медициналық нысан болған. Ал қазір қазіргісін өздеріңіз де көріп тұрсыздар.

Бір кездері сарбаздардың жанына араша болған ағаш ғимаратты ешкім паналамайды. Себебі сыры да, сыны кеткен. Тек «мемлекет қорғауында» деген жазуы ғана бар. Ал оған қарсы бетте орналасқан музейден адам үзілмейді. Өйткені мұнда Көкшенің ғасырлық тарихынан сыр шертетін жәдігерлер қойылған.

Айым Біләлова, қалалық тарихи музейдің бөлім меңгерушісі:

- 1905 жылға дейін бұл үйде Кеңес Одағының қайраткері Валерьян Куйбышевтың отбасы тұрған. Ұлы Отан соғысының жылдарында бұл жерде тыл госпиталі болған еді. Ал 1949 жылдан 2000 жылға дейін Куйбышев атындағы республикалық мемориалдық музей болған.

Ғасырлар тоғысында ғимарат қалалық музейге айналды. Қазір мұнда 5 экспозиция залы бар. Жәдігерлер саны 17 мыңнан асып жығылады.

Ботакөз Ғабдуллина, қалалық тарихи музейдік директоры:

- Бұл – сол кезеңдегі үй-жай. Бұл ғимараттың жанында жазғы ас үй бар. Бақша да жақсы сақталған. Егер оны қалпына келтірсе, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы кезеңге жататын үйді көруге болады.

Әдебиет алыбы – Әуезовтің есімі берілген көшеде көне кезеңнің тағы бір куәсі орналасқан. XIX ғасырдың басында бұл үйде Коротков есімді көпес өмір сүріпті. Ал отыз жылдан кейін бұл ғимаратта шаһардағы алғашқы кинотеатр ашылған. Қазір бұл нысанда әдебиет және өнер музейі жұмыс істейді. Әуезов көшесін бойлап сәл жүрсеңіз, көзіңізге екі қабатты әсем ғимарат түседі. Ол да кезінде көп саудагердің біріне тиесілі болыпты. Айтпақшы, бұл - қаладағы алғашқы қос қабатты үйлердің бірі. Бір қызығы, біз айтқан ғасырдан астам тарихы бар нысандарды жергілікті тұрғындар біле бермейді екен.

Көкшетау қала статусына 1895 жылы ие болды. Қазір 150 мыңнан астам тұрғыны бар. Жыл сайын шаһарда зәулім ғимараттар мен жаңа тұрғын-үйлер бой көтеріп жатыр. Ал, олардың тарихи нысанға айналуы – уақыттың еншісінде.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Евгений Шинкоренко, Анатолий Поляный

Хабар 24 телеарнасы