377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәжіліс ТКШ мәселелері жөніндегі Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

  • 101
  • UPD: 13:00, 10.04.2019
Мәжіліс ТКШ мәселелері жөніндегі Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады miid.gov.kz

Мәжіліс тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстырды.

Заң жобасының негізгі міндеттерінің бірі – «бір үй - бір бірлестік - бір шот» қағидаты бойынша «мүлік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымының жаңа нысанын құру жолымен басқару органдарының қызметін реттеу».

Министрдің айтуынша, ұсынылған принцип әр үйді басқарудың жеке тәсілін қарастырады. Әр мүлік меншік иелерінің бірлестігі өзінің ағымдағы және жинақтаушы шоттарын ашатын болады.

Аталған шара пәтер иелері кооперативтері және басқарушы компаниялар тарапынан қызметтер мен тарифтердің тұрғындарға жүктелмеуін және қаржыларының ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ тұрғындардың басқару тәсілін таңдау құқығы жеке басқару органдары арқылы немесе шарт негізінде басқарушы компаниялар арқылы беріледі.

Сондай-ақ, жобада кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізудің жаңа механизмін енгізу мәселесі қарастырылған.

«Бұл тұрғындарға қаражаттың түсуін және мақсатты жұмсалуын бақылау арқылы тек өздерінің үйіне күрделі жөндеуге қаражат жинауға мүмкіндік береді. Күрделі жөндеу жүргізуге қаражат жинақтау және жеңілдетілген қарыз алу механизмі әзірленді. Мысалы, тұрғын үй құрылыс банкінің есебіне сәйкес қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлеме жылына 2 пайызды құрайтын болады», - деп атап өтті Роман Скляр.

Бұл схемаға жергілікті атқарушы органдар да қатысады, олар басқару органының өтініші бойынша күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі туралы шешім қабылдайды, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді ұйымдастырады, техникалық тексеру мен энергия аудитін жүргізеді.

Басқару органдары қызметінің ашықтығын арттыру үшін Заң жобасында барлық қатысушыларға бизнес-процестердің ашықтығын қамтамасыз ететін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының ақпараттық жүйесін құру қарастырылуда.

Ақпараттық жүйеде тұрғындар үй бойынша шығындар мен табыстарды бақылап, есептеулер мен есептесудің дұрыстығын тексере алады. Сонымен қатар тұрғындардың өз басқару органының қызметіне мониторинг жүргізіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өтініштер беруге мүмкіндіктері болады. Бұдан бөлек, тұрғындар электронды дауыс бере алады және үйдің барлық мәселелері бойынша сыртта жүріп те қатысу мүмкіндігі туады.

Тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің қызметіндегі заң бұзушылықтарды болдырмау үшін кооператив тек бір көп пәтерлі тұрғын үй үшін құрылатын схема ұсынады, кооператив мүшелерінің саны пәтерлердің санынан аспауы тиіс және құрылыс мемлекеттік тіркеуден кейін және жалға алу құқығындағы немесе меншік құқығындағы жер учаскесі болған соң жүзеге асырылатын болады.

Заң жобасы аясында жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекциясын әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде газбен жабдықтау объектілерінің қауіпсіз пайдаланылуын, сондай-ақ қауіпті техникалық құрылғыларды бақылау және қадағалау құзыреттіліктерін беру көзделген.

Бүгінгі күні лифт шаруашылығының басым бөлігі өзінің нормативтік пайдалану мерзімінен асып кетті. Осы мәселені шешу үшін лифтілерді ауыстыру және жөндеу жұмыстарын қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылатын болады.

Хабар 24 телеарнасы