379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәжіліс ТҮКШ туралы заңға өзгерістер енгізуді мақұлдады

  • 173
  • UPD: 23:09, 10.04.2019

Мәжіліс депутаттары тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған сәйкес енді басқару жүйесі «Бір үй - бір бірлестік - бір шот» қағидасы бойынша жүргізіледі. Тұрғындарды тағы қандай өзгерістер күтіп тұр? Кооперативтермен не болмақ?

«Бір үй – бір бірлестік – бір шот». Осындай қағиданы негізге алған тұрғын үй шаруашылығын басқару жүйесінде енді кооперативтер болмайды. Оның орнына меншік иелерінің бірлестіктері құрылады. Жаңа жүйеде әр үйді басқарудың жеке тәсілі қарастырылады. Ал ай сайын төленетін қаржы мүлік меншігі иелерінің бірлестік шотына жиналады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, бұл қаржының игерілуіне ашық бақылау жүргізуге көмектеседі.

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

– Заң жобасында бұл мақсатта арнайы ақпараттық жүйе құру қарастырылған. Онда тұрғындар шоттағы кіріс-шығысты бақылап, тексере алады. Сондай-ақ тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша өтініштер де осы ақпараттық жүйеде қабылданады. Тұрғындар жеке кабинеттері арқылы дауыс беріп, басқарушы компанияларды өзгерте алады.

Бұдан басқа, күрделі жөндеу жүргізуге қаржы жинақтау және жеңілдетілген қарыз алу механизмі әзірленді. Осы ретте күрделі жөндеуге жиналатын қаражат 51 теңгеден 12 теңгеге дейін төмендетілді. Егер бұрын күрделі жөндеу жүргізуге қажетті соманы толық жинау керек болса, енді шатырды немесе үйдің сымдарын ауыстыруға бөлек қаржы жинауға болады. Газбен жабдықтау объектілері жұмысының қауіпсіздігі жергілікті атқарушы органдардың тұрғын-үй инспекцияларымен қадағаланады.

Василий Олейник, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Соңғы уақытта тұрғын үйлердегі лифттердің техникалық қауіпсіздігіне үлкен мән берілуде. 2012 лифттерді жөндеу және монтаждаудағы лицензияны алып тастағаннан кейін лифттердің құлауы жиілеп кетті. Бүгінде тозығы жеткендері де көп.

Депутаттардың айтуынша, тұрғындар пайдаланатын лифттерді өнеркәсіптік қауіпсіздік санатына кіргізіп, оларға жөндеу жұмыстарын жүргізетіндер арнайы тексеруден өту керек. Ал лифттерді ауыстыру және жөндеу жұмыстары әкімдіктер есебінен жүргізілетін болады.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин тұрғын-үй шаруашылығы кооперативтерін басқару жүйесін модернизациялаумен айналысатын орталық жұмысын сынға алды. «Сендерде Премьер-министрден де көп орынбасар бар», – деп кекетті. Басшылары 1 миллион, ал қызметкерлері 250 мың теңгеге дейін жалақы алатын орталық 2009 жылы мемлекет есебінен құрылған. «Қазір бұл саланы арнайы білімі жоқ көлденең кадрлар басқарады» деген ол жаңа жүйеге білікті кадрлардың қажет екенін айтты. 

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы