379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кезектен тыс сайлау туралы қазақстандықтар қандай ойда?

  • 219
  • UPD: 20:42, 10.04.2019

Ел тұрғындары 9 маусымға белгіленген кезектен тыс президент сайлауының әдеттегідей ұйымшылдықпен өтетініне сенімді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Біз конституциялық құқығымызды пайдалана отырып, маусым айында өз таңдауымызды жасауға бір кісідей атсалысамыз. Ол еліміздің келешегі кемел, болашағы жарқын болуы үшін қажет», – дейді сайлаушылар.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

– Алматы облысының тұрғындары әрбір саяси науқанға белсене қатысады. Осыған дейінгі өткен сайлауда сайлаушылардың дауыс беруі 90 пайыздан кем болған емес. Жетісулықтар мемлекеттік деңгейдегі маңызды оқиғаға биыл да ерекше атсалысып, өз таңдауын жасамақ.

Әли Ысқабай, қала тұрғыны:

– Қазіргі жарқын өмірімізді одан әрі жақсартуға, халықтың тұрмысын оңалтуға, басқа да күрделі мәселелерді шешуге ыңғайлы кез. Сайлау ұйымшылдықпен өтіп, халық өзінің таңдауын жасайды деп сенемін. Халықтың мүддесін қорғайтын адам болғаны дұрыс.

Ал екі дүние есігі мен ер түріктің бесігіне баланған Түркістанның халқы сайлау өткізудің қажеттіліктен туындап отырғанын, жағдайды реттеу үшін ел тізгіні жаңадан сайланатын Президенттің қолында болғаны дұрыс екенін айтады. Өйткені әлемдік қауымдастық пен шетелдік инвесторлар тұрақты саясаты мен орнықты көшбасшысы бар елдермен ынтымақтастық орнатуға мүдделі. 

Көкше жұртшылығының да алдағы сайлаудан күтетіні көп. Біз сұхбаттасқан барлық азаматтың пікірі бір арнаға тоғысты. Ол – жаңа мемлекет басшысы болып елдің қамын барлығынан биік қоятын тұлғаның сайлануы.

БЛИЦ:

– Сайлаудың өткенін қолдаймын. Уақытылы, дер кезінде. Сайлауға түсушілердің қазақ тілді болғанын қалаймын.

– Ендігі сайланатын президентіміз еліміздің қамын ойлайтын, жерімізді қорғайтын, ұлтымызды, дәстүрімізді жалғастыратын, жастарымызды кәсіпке, білімге, халықаралық деңгейге жетектейтін, ел үмітінен шығатын Президент болатынына сенімім кәміл.

Ақ Жайық өңірінің халқы 9 маусым күні өтетін кезектен тыс Президент сайлауын биылғы жылдың басты саяси оқиғасы және елдің даму бағдарын белгілеп, алаш жұртының әлемдік өркениет көшінен алар орнын айқындайтын өте маңызды тарихи оқиға деп бағалап отыр.

Жандос Сұңғатов, қала тұрғыны:

– Президент сайлауына бей-жай қарауға болмайды. Бұл – еліміздің болашағына, халқымыздың тарихына үлкен әсер ететін жағдайлардың бірі.

Ертісті жағалай қонған жұрт ел азаматтарын кезектен тыс Президент сайлауына асқан жауапкершілікпен қарауға шақырды. Өйткені халық таңдауына тәуелсіз мемлекеттің болашағы тікелей байланысты.

Ақмарал Қадырова, экономика ғылымдарының кандидаты:

– Біздің тұрақтылығымыз бен еліміздің тыныштығы үшін сайлау маңызды деп ойлаймын.

Биліктің уақытша емес, тұрақты болғаны қажет. Солтүстікқазақстандықтардың пікірі осыған саяды. «Өйткені уақыт өткен сайын әлемдегі геосаяси жағдай қиындап барады. Сондықтан алмағайып заманда, өз президентімізді сайлап алу аса маңызды», – дейді жергілікті халық.

Гүлнәр Уатаева, қала тұрғыны:

– Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектері жемісті болды. Бейбітшілікті сақтап, заманымызға тыныштық тілейтін жақсы адам келсе екен деп тілейміз. Ауызбіршілікті қалаймыз.

Көріп отырғанымыздай, тұрғындар алдағы саяси науқанға бей-жай қарамайды. Өйткені олар елде бейбітшілік пен тыныштық болғанын және әділдіктің салтанат құрғанын қалайды.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түгенбаев

Хабар 24 телеарнасы