379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алғысқа бөленген алматылық дәрігер «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанды

  • 121
  • UPD: 23:00, 10.04.2019
Алғысқа бөленген алматылық дәрігер «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанды

«Ас – адамның арқауы». Бірақ оның адам бойына дұрыс сіңуі отыз екі тіс пен жақ сүйектерінің амандығына байланысты.

Әсіресе, жол апатынан зардап шеккен науқастың жақсүйектерін қалпына келтіру дәрігерден білімді әрі табандылықты қажет етеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауының жеңімпазы Сухраб Жапаров – сондай дәрігерлердің бірі.

Бұл кішкентай бүлдіршіннің тістері іріңдеп кеткен екен. Операциядан басқа амал жоқ. Жақсүйек-бет хирургы Сухраб Жапаров баланың болашағы үшін барын салуда. Сыртта көңілі алай-дүлей болып ата-анасы тұр.

Сухраб Жапаров, жақсүйек-бет хирургы:

– Операция сәтті өтті. Бүлдіршіннің өміріне ешқандай қауіп жоқ. Әке-шешесінің алаңдамауына болады.

Сухраб Жапаров дәрігерлер әулетінде дүниеге келген. Әкесі – елге танымал хирург, ал анасы – тіс дәрігері. Балалық шағынан медицина және науқастар туралы әңгімелерді естіп өседі. Әліппеден бұрын анатомияны ақтардым деп әзілдейді.

Сухраб Жапаров, жақсүйек-бет хирургы:

– Медицина немқұрайлылықты кешірмейді. Бір қарағанда қарапайым ғана операция күрделі болып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан барлық операцияларға үлкен жауапкершілікпен қараймыз.

20 жылдан астам еңбек өтілі бар білікті маман – бүгінгі таңда Алматыдағы №5 клиникалық ауруханада хирург. Медицина ғылымдарының кандидаты. 45 ғылыми мақаланың және 9 өнертабыс патентінің авторы.

Сухраб Жапаров, жақсүйек-бет хирургы:

– Бір патентім титан тілімдерін жақсүйек-бет хирургиясында қолданумен байланысты. Сол кезде ол осы салада енді ғана қолға алына бастаған еді. Біз оны жетілдіріп, сынған жақсүйектерді мықтап бекітетін жағдайға жеткіздік.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауының жеңімпазы атану – еңбегімнің бағалануы әрі үлкен жауапкершілік», – дейді Сухраб Жапаров. Дәрігер ғылыми ізденістерін болашақта да жалғастыруды көздеп отыр. Өйткені медицинада ашылған бір жаңалық талай жанға шипа әрі бақыт сыйлайтыны анық.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы