379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында 280 мың отбасыға АӘК көрсетіледі

  • 173
  • UPD: 08:04, 11.04.2019

Биыл еліміз бойынша 830 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Оның 280 мыңы Түркістан облысына тиесілі.

Бұл туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған делегацияның Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары барысында айтылды. Гүлшара Наушақызы Елбасының Nur Otan партиясының 18-съезінде тапсырған «Әлеуметтік қамсыздандыру» бағдарламасын облыс тұрғындарына түсіндіру мақсатында тұрғындармен бірқатар кездесу өткізді.

Түркістан облысына жасаған сапары барысында Премьер-министр орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған топ алдымен облыс халқымен кездесті. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев өңірде іске асырылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Гүлшара Наушақызы Елбасының «Әлеуметтік қамсыздандыру» бағдарламасы бойынша алдағы 3 жылға 2,3 трлн теңге қаржы бөлініп отырғанын жеткізді. Әлі бұл бағдарламаның маңызы зор екенін түсіндірді.

Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- «Әлеуметтік қамсыздандыру» бағдарамасы бірнеше бағыттан тұрады. Біріншісі ең аз қамтылған, көмекті қажет ететін отбасыларына көмектесу, олардың табысын арттыру. 830 мың ана атаулы әлеуметтік  көмекті  алады деп жоспарлап отырсақ, соның 280 мыңы осы Түркістан облысы екен. Сондықтан бұл жерде жақсы жұмыс істеуіміз керек.

Жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев алдағы маусым айынан бастап, ең төменгі жалақы алатын 1 млн аса бюджеттік сала қызметкерінің айлығы 15-тен 30 пайызға дейін көбейетінін, ол үшін қажетті қаржы бөлініп, заң қабылданғанын айтты. Сондай-ақ 1 сәуірден бастап, көп балалы отбасыларға берілетін қаржының қалай төленетінін түсіндірді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Берілу механизмі олардың табысына, көнкөріс деңгейімен салыстырғанда байланысты. Егер соның 70 пайызынан төмен болатын болса, онда сол отбасылардың әр баласына ай сайын 20789 теңге төленетін болдаы.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта республика бойынша 1672 мектеп салыныпты. Соның 521-і Түркістан облысында бой көтерген. Мұндай жетістікті әлі бірде-бір облыста қойталамаған екен.

Күләш Шәмшидинова, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Алдымыздағы 3 жылда 190 мектеп салынады. Ол ең алдымен апатты, үш ауысымды мектептердің проблемасын шешетін болады. 190 мектептің 20-сы Түркістан облысында, 9-ы Шымкент қаласында салынады. Міне биыл 6 мектеп Түркістан облысында пайдалануға беріледі. Осы өңірге 12 млрд теңге тек мектеп салу үшін бөлініп отыр.

Түркістан облысында алғашқы медициналық көмек көрсететін 59 нысан салынады. Осылайша 2021 жылға қарай ауылдар алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен 100 пайызға қамтылады» деген Денсаулық сақтау саласының вице-министрі Ләззат Ақтаева, аймақтарда республикалық бюджеттен он аурухана салынатынын жеткізді. Одан кейін ҚР Премьер–Министрінің орынбасары Г.Әбдіхалықова көпбалалы және аз қамтылған отбасылармен, мүгедектермен, облыс жұртшылығымен кездесті.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы