379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында ажырасу дерегі азаймай тұр

  • 110
  • UPD: 10:59, 11.04.2019

Соңғы 4 жылда аймақта 20 мыңнан астам жаңа отбасы тіркелсе, соның тең жартысының шаңырағы шайқалған. Мамандардың айтуынша, отбасындағы жанжалға көбіне әлеуметтік жағдайлар себеп болатын көрінеді. 

Ақмола облысының халық саны 750 мыңның шамасында. Аймақта 2018 жылы 4789, ал 2017-де 5208 отбасы шаңырақ көтерген. Алайда, былтыр да, алдыңғы жылы да ажырасу көрсеткіші 50 проценттен төмендемеген. Жалпы, соңғы 4 жылдың статистикасынан байқағанымыз осы. Аталған кезеңде бас қосқандардың тең жартысы айырылысып кеткен.  

Осындай деректердің санын төмендету үшін аймақта бірқатар шаралар қолданылып жатыр. Соның бірі жыл басында бастау алған «Отбасылық сот» пилоттық жобасы. Жақында осы жобаның аясында Отбасын қолдау орталығы ашылды. Оның мақсаты – неке-отбасы міндеттерінен туындайтын даулардың санын азайту. 

Данияр Сапарбек, Ақмола облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы:

- Осы пилоттық жоба басталғалы бері 461 іс қаралса, бүгінгі таңда 170 сі медиация тәртібімен қаралып отыр. Яғни 114 отбасын осы пилоттық жобаның аясында сақтап отырмыз.

Орталықта татуластырушы-судья, медиатор, психолог және әлеуметтанушы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, бұл мақсатқа үкіметтік емес ұйымдар да тартылды. Солардың бірі Көкшетау қалалық сотымен арнайы меморандумға қол қойып, қазір өз қызметін ұсынып отыр.

Берік Ракушев, «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы» қоғамдық қорының директоры:

- 2018 жылдан бастап 13 отбасын қарастырдық. Олардың 3-уі ажырасып кетті. Олардың отбасын сақтап қалу мүмкін болмады. 4 отбасы өз өтініштерін қайтарып алды. Яғни, отбасын сақтап қала алды. Ал қалғандарымен психолог мамандар әлі де жұмыс жасап жатыр.

Жалпы пилоттық жобаны еліміздің 8 облысында жүзеге асыру көзделген. Себебі республика көлеміндегі статистика да көңіл көншітпейді. Мәселен, ресми дерек бойынша елімізде соңғы 10 жылда 1,5 миллионнан астам отбасы шаңырақ көтерсе, соның 500 мыңнан астамы ажырасып кеткен.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Евгений Шинкоренко, Анатолий Поляный

Хабар 24 телеарнасы