389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Рухани жаңғыру» бағдарламасына 2 жыл толды

  • 1973
  • UPD: 09:52, 11.04.2019

Елімізде 2017 жылы қазақ тіліне аударылған әлемнің ең үздік 17 оқулығы қайта басып шығарылмақ. Себебі атақты туындылардың ана тіліміздегі нұсқасына сұраныс көп. Айта кету керек, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында іске асырылып отырған шара. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасына биыл 2 жыл толып отыр.

Педагогика, экономика және менеджмент салаларын қамтыған бұл туындыларды қазақстандық студенттер міне биыл екінші жыл қатарынан оқып келеді. Ал алдағы мамыр айында осы тәріздес тағы 30 шақты кітап еліміздің кітапханаларына таратылмақ. Олар 10 мың данамен басып шығарылады. Ұлттық аудармалар бюросының мәліметіне сүйенсек, жыл соңына тағы 30 кітап қазақ тіліне аударылмақ.

Евгений Кочетов, Nur Otan партиясы стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары:

- Екі жылдың ішінде бас-аяғы 48 кітап қазақ тіліне аударылды. Олар дүкендерде сатыла беретін анау-мынау оқулық емес. Олар теңдессіз туындылар. Екінің бірі мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмайды. Мәселен, Друкердің маркетинг жайлы оқулығы, бизнесте жүрген белді тұлғалардың үстелінде тұрады. Ал қазір мұны біздің студенттер оқып жүр. 

Ал бұл жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір парасы ғана. Жалпы осыдан екі жыл бұрын Елбасының бастамасымен қолға алынған бағдарлама аясында қазір 8 ірі жоба жүзеге асырылуда.

Наталья Калашникова, саясаттану ғылымдарының докторы:

- «Рухани  жаңғыру» бағдарламасының тиімділігіне баға беретін арнайы индикатор жасалған болатын. Міне осы индикатор, қазақстандықтардың аталған бағдарламаға белсенді атсалысып жатқанын көрсетіп отыр. Халық тек араласып қана қоймай, өздерін өзгертуге де қадам басқан. Бағдарламаның басты мақсаты осы екенін ескерсек, бұл үлкен жетістік.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғам өміріндегі барлық дерлік саланы қамтиды. Айталық, бір ғана мәдениет саласында былтыр 500-ден астам жоба жүзеге асырылған. Одан бөлек тарихта да талай жаңалықтар ашылды. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы өшкенімізді жаңғыртып жатқаны даусыз.

Авторы: Дамир Берікұлы

Хабар 24 телеарнасы