378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы: Халықты жұмыспен қамту мәселесіне жіті мән берілу керек

  • 78
  • UPD: 23:24, 11.04.2019

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапармен барды.

Президент өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, еліміздің батыс қақпасы саналатын Ақтау теңіз портындағы тың жобалармен танысты.

Бұйра толқыны жағасын жаңғыртып жатқан Маңғыстаудың бүгінгі кескіні осы. Келбеті келіскен. Маңғаз қалпынан айнымаған. Адымын әдетінше алшаң басып келеді. Өңірде өңдеу өнеркәсібі өркен жайған. Құрылыста та қарқын бар. Көлік және логистика саласы ілгерілеуде. Құлашын кең серпіген өңірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Президент ұшақтан түскен бойда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барды. Осы күні өңірде кәсіп ашуға ниет танытқан адамдардың қатары көбейген. Былтыр 300-ден аса жоба мемлекет тарапынан қаржыландырылған. Нәтижесінде мыңға жуық жұмыс орны ашылыпты. Бұл қарқын биыл да үдемек.

Өңірде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобалар бірте жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, тұрмысын тіктей алмай жүрген көп балалы отбасыларға және кембағал жандарға жіті көңіл бөлінген. Облыс басшысының бастамасымен «Бизнес 3 күнде» жобасы қолға алыныпты. Мамандар мұндай бағдарламаның әзірге ешбір елде баламасы жоқ деп отыр.

Аманғали Нұрдәулетов, жоба жетекшісі:

- Бірінші күні кәсіпкерлерден, үйлестірушілерден құралған топ жұмыспен қамту орталығына тіркелген көп балалы отбасылардың тізімін алып, солармен жолығады. Олардың мұң-мұқтажын, кәсіп ашуға деген ниетін біледі. Екінші күні олардың ісіне керек құрал-жабдықтарды алып барып береді. Ал үшінші күні дайын болған өнімдерді нарыққа шығаруға көмектеседі.

Аймақ кәсіпкерлері «Бастау» бизнес жобасы арқылы мемлекет тарапынан қаржылай қолдауға ие болған. Өткен жылы 305 жобаға субсидия бөлініпті. Осының арқасында екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандар жаңа кәсіп ашып, игі істің игілігін көрген. 

Мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамту мәселесіне жіті мән берілу керек деді. Шағын және орта бизнестің үлесін әлі де арттыру қажеттігін айтты. Ізінше биыл ғана іргесі қаланған жаңа емханаға барды. Емдеу мекемесі 90 мың адамға қызмет көрсетеді. Науқастар сағаттап кезек күтпес үшін әр аумақта бөлімшелері ашылған.

Білікті мамандар кемел келешекке беттеудің кепілі. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев адами капиталды дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлу керектігін айтты. Әсіресе, түлектерге сапалы білім берудің маңызы зор. Өңірде теңізшілерді оқытатын іргелі оқу орны түлеп келеді. Қазір мұнда 131 сутдент білім алуды. Арасында іргелес мемлекеттерден келіп, дәріс алып жатқандары бар. Оларға білікті ұстаздар сабақ береді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен теңіз академиясына қос бірдей мына құрылғы жеткізілген екен. Жаңа жабдық білімгерлердің шеберлік шыңдауына мол мүмкіндік беріп отыр. Осының арқасында академия түлектері біліктіліктерін арттыру үшін өзге елдерге сабылмайтын болған.

Оқу орны ұжымымен жолыққан Қасым-Жомарт Тоқаев студенттермен де тілдесті. Жастарға білім алудың маңызын айтты. Кенжелеп қалған салаларды кемеріне келтірудің жөн-жосығына тоқталды. Сөйтіп, студенттермен естелік суретке түсті. Теңіз тізгінін ұстаушылар біздің елге керек-ақ. Әсіресе, еліміздің батыс аймағында оларға сұраныс жоғары. Сондықтан мемлекет басшысы Ақтау теңіз портына да барды. Қойнауы қара алтынға толы қазыналы өңірдің өнімі тап осы орыннан өзге елдерге жөнелтіледі.

Ақтау теңіз порты арқылы Қазақстан әлемдік сауда нарығына жол ашты. Былтыр Құрық портында паромдық кешеннің алғашқы кезеңі іске қосылған. Осындай іргелі жобалардың арқасында Маңғыстаудағы контейнерлік тасымалдау көлемін ендігі жылы 60 есеге дейін арттыру көзделген.

Тап осындай жобалардың арқасында Қазақстан - Азия мен Қытайды Кәрі құрлық елдерімен байланыстырып отыр. Біздің порт арқылы айшылық жерлерге өнімдерді жедел жеткізуге болады. Бұл - инвестиция тартуға, шетелдік қаржыгерлерді осы іске жұмылдыруға жол ашты.

Қазір Ақтау портында 500-ден аса маман жұмыс істеп жатыр. Олар Иран және Еуропа елдеріне көбіне имұнай мен астық өнімдерін тұрақты түрде жеткізіп тұрады.

Мағыстауда жыл сайын 18 млн тонна мұнай мен 3 млрд текше метр газ өндіріледі екен. Қазіргі инвестицияның жалпы көлемі 581 млн долларды құрап отыр. Толайым табысқа кенелген аймақ мұнымен тоқмейілсіп қалмауы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев «шетке шикізат тасымалдаумен ғана шектелмей, өзімізде өндірілген өнімдерді де өзге елдерге жөнелту керек» деді. Аймақты туристік орталық ретінде таныту міндеті қойылды. Президент пәрмені мұнымен шектелмейді. Қасым-Жомарт Тоқаев ертең облыс активімен жолықпақ. Алқалы сол жиында маңызды тапсырмалар айтылмақ.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Қанапияұлы, Бақытбек Нұртаев, Президент телерадиокешенінің көмегімен

Хабар 24 телеарнасы