379.19 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жиналмаған қоқыс Көкшетау тұрғындарының наразылығын тудырды

  • 58
  • UPD: 22:22, 11.04.2019

Көкшетау қаласының тұрғындары «қаланы қоқыс басып қалды» деп наразы. Кейбір көшелер мен аулаларда қалдық атаулы тау болып үйіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһарда тазалық жұмыстары неге уақытылы жүргізілмейді?

Нұршапағат Несіпбаев, «Хабар 24» арнасының тілшісі:

- «Арқаның кербез, сұлу Көкшетауы» деп басталатын Сәкен Сейфуллиннің әйгілі өлең жолдарын қалаға қатысты қолдана алмаймыз. Әзірге. Неге дейсіз ғой? Оған себеп – көптеген үйдің ауласында шашылып жатқан мынадай қоқыс пен қалдық. Бұл – қаланың орталығы емес. Шеті деуге де келмейді. Дегенмен, осыған ұқсас көріністердің шаһардың көптеген тұсынан кездестіруге болады.

Қаланың негізгі көшелері мұнтаздай таза болғанымен, көп қабатты үйлердің арасын олай деуге ауыз бармайды. Сондықтан тұрғындар қосымша адам жалдауға мәжбүр. Тегін емес, әрине.

Әлім Зияденов, қала тұрғыны:

Қала бойынша аулалардың тазалығы сын көтермейді. Сондықтан жағдайдан әркім өзінше шығып жүр. Мәселен, бүгін осында әжей жүрді. Ол осы аулаға тиесілі аумақты 5 мың теңгеге тазалап берді. Әрине, тазалық керек қой.

Биыл сенбілік қала бойынша әлі өтпепті. Ал жергілікті тұрғындар жауапты мекемелерден қайран болмаса, тазалық жұмыстарын жүргізуге өзіміз шығамыз деп отыр.

Галина Процак, қала тұрғыны:

Иә, әрине, сенбіліктерге міндетті түрде шығамыз. Ал қазір шашылып жатқан қалдық пен қоқысты жинауға күн жылынған соң кірісеміз. Бұдан бөлек гүл отырғызамыз. Себебі - біз өз қаламызды жақсы көреміз.

Қаланы қоқыс пен қалдықтан тазарту мәселесі осыған дейін де сан мәрте көтерілді. Тіпті, тағы бір полигон салу ұсынылған. Ал қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы жағдай жіті назарда дейді. Сөзіне қарағанда мердігер анықталып, тендер жоспарланып, енді қалада шашылып жатқан қалдықтарды жинау ғана қалған тәрізді.

Марат Жүнісов, қалалық ТКШ бөлімінің басшысы:

Таяқтың екі ұшы бар. Бұл мәселеде тұрғындардың жауапкершілігі де аса маңызды. Ал қалдықтар үйілген орындарға қатысты айтар болсақ, көп ұзамай тендер өткіземіз. Мердігерді анықтадық, уақытты созбай іске кірісуі тиіс. Ал қоқысты көрінген жерге тастайтын тұрғындарды жергілікті полициямен бірге анықтап, жазаға тартамыз 

Көкшетау қаласының санитарлық тазалығына арналған жұмыстар алдағы дүйсенбіде басталады. Ал алғашқы сенбілік 18 сәуірге жоспарланған. Тиісті қаулыға қол қойылыпты. Ал бұл шаралар шаһардың тазалығына қаншалықты әсер етеді? Көп ұзамай білетін боламыз.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Евгений Шинкоренко, Анатолий Поляный

Хабар 24 телеарнасы