389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарқаралыдағы Қасым Аманжолов ауылына баратын жол қашан жөнделеді?

  • 863
  • UPD: 22:21, 11.04.2019

Қарқаралыдағы Қасым Аманжолов ауылына баратын жол көлік тұрмақ, адам жүргісіз.

Осыдан 10 жыл бұрын ақынның 100 жылдығы алдында қалыпқа келтірілген еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Одан кейін күрек тимеген. Билікке базына айтып жалыққан жұрт жолды өз күштерімен жөндеп те көрген. Бірақ жамап-жасқағаннан не қайыр? Сапалы асфальт төсеуге қол қысқа. Ал биліктің илігер түрі жоқ.

Жәлел Әкімов Қарағанды мен ауылы арасына жиі қатынайды. Қаладан Қарқаралыға 200 шақырымды жеңіл жүріп өтсе, «ауылға барар жол берекені алады» дейді.

Жәлел Әкімов; Қасым Аманжолов ауылының тұрғыны:

- Бізге тек қана керегі осы қара жол. Көптеген потенциялдардан айырылып жатырмыз қазір. Туризмді дамытуға болады мысалы, қай жағынан болсын, өйткені таудың ортасында орналасқан біздің ауыл. Тұмса табиғат, қай жерге барам десе де.

Қасым Аманжолов ауылы аудан орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан. Аяқ асты бір адам сырқаттанып қалса, оны аудан орталығына жеткізу оңай шаруа емес. Ал ауылдың жалғыз таксисті жолдың кесірінен көлігінің жиі сынатынын айтып наразы.

Жандарбек Арапов, Қасым Аманжолов ауылының тұрғыны:

- Бензинің бар, жаңағы жай жүресің сайманың бар. Мынау жер қарайды ғой. Тіптен жаман, дөңгелектен дөңгелек қоймайды. Жигули ғой, шыдатпайды. Тура түсіп кетесің, соғасың. Бір жарым сағатта әзер жетем. Ал ауылға келген такси, келген қонақ 2-2,5 сағат жүреді.

Жергілікті халық осыдан екі жыл бұрын жолды өз күштерімен жамауға тырысқан. Қажетті материалға 300 мың теңгедей қаражат жұмсапты. Жеңіл-желпі жөндеу бір жылға жеткен. Ал аудан билігі былтыр орталықтан шығаберіс 10 шақырым жерді жөнеуге 264 миллион теңге жұмсаған. Алайда сол жөнделген аумақтың өзі қазір жүруге жарамсыз. Сол себепті облыстық бюджеттен тағы қаражат бөлу жөнінде өтінім берген.

Айдар Мұқан, Қарқаралы аудандық ТКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

-216 миллион теңгеге 10 шықырымын жөндеуге бюджеттік өтінім берген болатынбыз республикалық бюджеттен қарастыруға. Аудандық бюджеттің шамасы келмейді оның барлығын жөндеуге. Осы жылға қарастырылмады қаражат, келесі жылға деп күтілуде.

Жалпы ауданнан ауылға дейінгі жолды жөндеуге орта есеппен 1 миллиард теңге керек екен. Әзірге биыл бұл мақсатқа 1 жарым миллион теңге ғана бөлінген.

Авторы: Айнұр Абдиева 

Хабар 24 телеарнасы