376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бүгін – Дүниежүзілік авиация және ғарышкерлер күні

  • 120
  • UPD: 07:55, 12.04.2019

Осыдан тура 58 жыл бұрын тұңғыш рет адамзат баласы қазақ жерінен ғарышқа сапар шекті.

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Ғарыш, жалпы космонавтика саласы дегенде бірден көз алдымызға ракеталар мен әуе техникалары келетіні рас. Бірақ ғарыш саласы мұнымен шектелмейді. Оның ішінде, жасанды жер серіктері, Жерді қашықтан зондтау, ауыл шаруашылық саласы да қамтылады. Мінекей, дәл осындай қызмет түрлерімен «Қазақстан ғарыш сапары» айналысады.

Мәселен, жасанды жер серіктері арқылы су тасқыны мен үлкен аумақты шарпыған қызыл жалынның алдын алуға болады. Сондай-ақ заң бұзушылықты да анықтау үшін теңдессіз технология. Қолды болған жер учаскелерін немесе магистральді құбырлардан газ бен мұнай ұрлаған қылмыскерлерді де құрықтауға мүмкіндік береді.

Рашид Әбдіразақов, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Қазіргі таңда арнайы конструкторлық-технологиялық бюро мен ғарыш аппаратын құрастыру-сынау кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Өткен жылдың желтоқсан айында ғылыми және ғылыми-технологиялық 2 аппаратты ұшырдық. Оның құрастыру жұмыстарына отандық мамандар атсалысты. Қалған аппараттарды «Қазақстан ғарыш сапары орталығы» аумағында құрастырғымыз келеді. Жобаны биыл жыл соңына дейін аяқтап, келер жылы ұшыруды жоспарлап отырмыз.

Бұл бірінші кезекте экономикалық жағынан тиімді. Өйткені жасанды жер серіктерін жасауға бөлінетін қаражат елде қалады, дейді маман. Оның айтуынша, бүгінде отандық ғарыш саласына көрші мемлекеттердің инвестициялық және туристік қызығушылығы артып отыр. Мәселен, күні кеше жергілікті және шетелдік метеоролог-мамандар үшін орталық ғимаратында экскурсия ұйымдастырылды. Десек те, қызығушылықтың көкесі балалардың асқақ арманында емес пе?! Олардың қатарында Ерболат Әбілқайыр да бар. Оның арманы – қызыл ғаламшарда көк туымызды көтеру.

Ерболат Әбілқайыр, 72 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы:

– Мен Қазақстанның төртінші космонавты боламын деп ойлаймын. Мен космос туралы әкемнен 10 жасымда білдім.

Қазақтан ұшқан үшінші ғарышкер – Айдын Айымбетовтей болғысы келетін жастар көп. Осыған байланысты, оның құрметіне Оқушылар сарайында жуырда арнайы кабинет ашылды. Бірақ уақытының тығыздығына байланысты ғарышкердің өзі ашылу салтанатына қатыса алмады.

Кәрім Балғожин, 64 мектеп лицейінің 5-сынып оқушысы:

– Айдын Айымбетовтың үйірмесі ашылғанына өте қуаныштымын. Өйткені біздің оқушылар сарайының адамы ашық ғарышқа ұшып, бізге ол өте үлкен абырой. Біз өте қуаныштымыз және Айдын ағамыз осы жерге жиі келіп тұрады деген ойдамын.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда Жерді қашықтан зондтай алатын 4 және телекоммуникациялық мақсатта 2 жасанды жер серігі бар. Олардың ажыратымдылығы орташа және жоғары. Яғни дәлдігі жағынан 1-ден бастап 6 метрге дейін ағат кету ықтималдылығы бар. Құрылғылар бүгінде қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.

Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Өмірбек Ізімов, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы