379.41 429.60 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Байқоңырда қазақ мектептері салынады 

  • 105
  • UPD: 10:43, 12.04.2019

1961 жылдың 12 сәуірінде Кеңес одағының ғарышкері Юрий Гагарин «Байқоңыр» айлағынан «Восток-1» кемесімен аспанға көтеріліп, жерді айнала ұшқан болатын.

Орбиталық кеңістіктегі 108 минутқа созылған шолу әлемдік ғылыми прогреске елеулі өзгеріс әкелді. Адамның ғарышқа жіберілуінен кейін Байқоңыр ғаламдық теңдессіз кешенге айналды.

Жылына шамамен 15 шақты зымыран ұшырылатын айлақ – бүгінгі таңда да төрткүл дүниедегі ең алып бірегей космодром. Жалпы 1955 жылы іргесі қаланған жұлдызды қалашық әлем туристері көптеп келетін аймақ қатарында. Қазақ жеріндегі ғылыми прогрестік бренд-нысанды көруге әсіресе Германия, Бельгия, Голландия, Франция, Австрия, Ресей елдерінен мыңдаған саяхатшы келеді.

Антонина Богданова, «Байқоңыр» ғарыш айлағы музейінің директоры:

– Бұл маңды Қорқыт атаның «жер кіндігі» деп айтуы да тегін емес. Ғалымдар да бұл жердің экваторға жақындығын, зымыран ұшырудың қауіпсіздігін дәлелдеп қойған. Сейсмикалық тұрақты бұл жазықтықта жауын-шашын бола бермейді. Айлаққа аяқ басқан туристер аталған табиғи-физикалық геоақпаратты білген кезде таңданысын жасыра алмай жатады. 

Алдағы уақытта орбитаралық зымыран ұшуларын космодромға кірмей-ақ тамашалауға мүмкіндік туады. Жұлдызды қалашықты дамытудың 2018-2035 жылдарға арналған бағдарламасында қонақүй қорын көбейту, мәдени ойын-сауық орталығын салу және зымыран ұшыруларын бақылау алаңдарын жақсарту көзделген. Ғарыштық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыратын қазақстандық тарап 80-мыңға жуық тұрғыны бар Байқоңырда бой көтеретін әлеуметтік нысандар қатарын да көбейтпек. 

Жалғас Сүйеубаев, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары:

– Байқоңырдағы Ресей қарап келген 6 мектеп, 1 балабақша қазақстандық стандартқа өтті. Бұдан бөлек 600 орындық мектеп саламыз деп жоспарлап, оған жоба-сметалық құжатын есептеуге зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұдан бөлек, бас жоспарға сәйкес әлеуметтік нысандар салынады. Ол өзіміздің даму жоспарына сәйкес жүргізілетін болады.

Жұлдызды ғалам мен жершарын байланыстырған айлақта қазір «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру жұмыстары қарқын алған.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы