377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысындағы «Жағалау» әскери полигонында ерекше жаттығу өтті

  • 115
  • UPD: 11:37, 13.04.2019

«Жағалау» әскери полигонында оқу-жаттығу өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарбаздар Қапшағай су электр станциясын шартты түрде қарулы топтан азат етті. Ағысы қатты Іле өзенін кесіп өтіп, кедергілерді еңсерген отан қорғаушылар тапсырманы толық орындады.

Сценарий бойынша, заңсыз қаруланған топ Іле өзеніндегі көпірді қиратып, Қапшағай су электр станциясын басып алады. Бұйрық беріле сала сарбаздар Ілені бетке алды. Жағалауды тазартып, жасырынған миналарды жойды.

Жағалау жасырылған жарылғыш заттардан тазартылған соң брондалған техника тізгіндеген сарбаздар Іле өзенінің арғы бетіне жүзіп өтіп, қаруланған топты жоюға кірісті. Басты мақсат – елдің өміріне қауіп төндірген топтың көзін жою.

Десанттық шабуылдаушы екі батальон өзеннің арғы бетін жан-жақтан соққылады. Қарулы топтың негізгі күшін тойтарған соң жылдам құрастырылмалы көпірді пайдаланып, жаяу әскерге жол ашты. Мұндай көпір алпыс тоннаға дейінгі жүкті көтере алады.

Ернат Төлегенов, десанттық шабуылдаушы батальон командирі:

– Біздің десанттық шабуылдаушы батальон Іле өзенінде алғаш рет жаттығу өткізіп отыр. Көңіл күй керемет. Себебі мұндай шаралар сарбаздардың әскери дайындығын шыңдайды.

Қайдар Қарақұлов, ҚР ҚК десанттық шабуылдаушы әскерінің қолбасшысы:

– Өздеріңіз көргендей, біздің сарбаздар тапсырманы толық орындады. Ал әскери жаттығудың бағасын Қорғаныс министрлігі мен жаттығу басшылары береді.

Әскери жаттығуға арнайы келген еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев десанттық шабуылдаушы батальонның шұғыл әрекетіне жоғары баға берді. Сарбаздар мұндай қиын тапсырманы алғаш рет орындағандарын айтады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы