389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбелік дәрігерлер бір жылда қатерлі ісікке шалдыққан 2 мыңнан астам науқасқа операция жасаған

  • 641
  • UPD: 11:45, 13.04.2019

Ақтөбелік дәрігерлер өткен жылы қауіпті ісік шалған 2 мыңнан астам азаматқа операция жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы соңғы жылдары бұл дертке шалдыққандардың өмір сүру көрсеткіші 45 процентке артып отыр. Бұл – дәрігерлердің кәсіби біліктілігін шыңдаумен қатар материалдық-техникалық базаны нығайту нәтижесінде қол жеткізілген жетістіктер. 

Бұл емделушінің өкпесі қабынып, бастапқы зерттеулердің барлығы қауіпті ісік болуы мүмкін деп көрсеткен. Тиісті сынамалар алынып, бақылау жүргізілген соң хирург мамандар іске кірісті. Қазіргі таңда бірден пышаққа жүгінбестен бұрын эндоскопиялық операция жасауға мүмкіндік бар. Бұл әдіс дертті азаматтың санаулы күн ішінде аяғына тұрып кетуі үшін тиімді. Мәселен өткен жылы медицина орталығында 200 операция эндоскопиялық жолмен жасалған.

Аслан Ерғалиев, Марат Оспанов атындағы БҚММУ медициналық орталығының хирургиялық бөлімінің меңгерушісі:

– Кей кездері ісік қатерсіз болып жатады. Мәселен, туберкулома. Мұндай жағдайда денедегі 3-4 тесік арқылы анықтап, тиісті диагноз қойылады да одан әрі емдеуге жөнелтеміз. Ал хирургиялық операцияның ізі тез арада айығып кетеді.

Хирург мамандардың ағзадан алған сынамасы сол мезетте зерттеуге жөнелтіледі. Санаулы минутта нәтижесі белгілі болды. Өкпедегі дақ – қатерлі ісік емес. Операцияны тоқтатып, науқасты одан әрі дәрі-дәрмекпен емдеуге болады.

Бір мезгілді төрт операция жасаға мүмкіндік бар. Дәрігерлер күніне тіпті 10-15 операцияға дейін жасаған кездері болған. Батыс аймақтағы ең ірі медицина мекемесі болғандықтан, бұл жерге дертіне ем іздеп Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысынан да адамдар келеді.

Негізінен онкологиялық дерттермен күресуге машықтанған бұл орталықта өткен жылы 2100 операция жасалды. Оның 238-і жүрекке. Әлемнің үздік медицина мекемелерімен тұрақты түрде өткізілетін тәжірибе алмасу дәстүрі мамандардың да біліктілігін біршама арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде ауруханада дертінен көз жұмған жандар саны 7 процентке азайды. 

Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу абзал дейді дәрігерлер. Әсіресе қатерлі ісікті неғұрлым ерте анықтау маңызды. Бұл орайда позитронды-эмиссиялық томография орталығының құрылысын айта кеткен жөн. Шетелдік инвесторлар мен әлемнің үздік медициналық мекеме өкілдері өңірдегі жаңа нысанды жан-жақты қолдауға әзір.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы