379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалық бүлдіршіндер қашан балабақшамен толық қамтылады?

  • 64
  • UPD: 20:21, 13.04.2019
Елордалық бүлдіршіндер қашан балабақшамен толық қамтылады? tengrinews.kz

Үстіміздегі жылдың соңына дейін астаналық бүлдіршіндер 100% мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз етіледі.

Бұл туралы әкімдікте өткен қалалық мәслихат отырысында Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде қаладағы балабақшаларда 2 100 бейнебақылау орнатылды, олардың барлығы «iKomek» орталығының бақылауында. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында балабақшаларда тағы 2 мың бейнебақылау орнату керек. Бұл жұмысты әкімнің тапсырмасына сәйкес жылдың соңына дейін аяқтауымыз қажет», - деді Ә.Жанғозин.

Білім басқармасы басшысының дерегіне сүйенсек, бүгінде қала бойынша 375 мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 58 мың тәрбиеленуші білім алуда.

«Өткен жылы 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 78%-ды құраған, осы жылы 90%-ды құрап отыр. Оның ішінде 36%-ы мемлекеттік тапсырыспен білім беретін жекеменшік балабақшада тәрбиеленуде. Осы көктемде балабақшалардан 7 мың тәрбиеленуші мектепке жол тартады, тиісінше олардың орнына басқа 7 мың бала келеді. Осылайша жыл соңына дейін, елорда бүлдіршіндерін мектепке дейінгі білім берумен 100% қамтымақпыз», - деді ол.

Айта кетсек, бұған дейін Ә.Жанғозин бас қалада тегін балабақша туралы ақпаратты қайдан, қалай алуға болатынын айтып берген болатын.

Хабар 24 телеарнасы