376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Түркия медицина саласындағы ынтымақтастықты арттырмақ

  • 360
  • UPD: 22:12, 13.04.2019

Қазақстан мен Түркия медицина саласындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыруға ниетті.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың Анадолы жеріне жасаған сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді екі мемлекет сала бойынша тәжірибе алмасып, ортақ жобаларды жүзеге асырады.

Түрік елінің денсаулық сақтау жүйесі жақсы дамыған. Білім беру, инновация және инвестиция тартуда да озық. Сондықтан бауырлас жұрттан үйренеріміз көп. Еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осындай пікірде. Министр бастап барған топ түріктің заманауи медициналық қызметімен танысып, денсаулық сақтау қызметкерлерін дайындау жүйесі жайлы ақпарат алды. Түркия Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожа мен Отбасы, еңбек және әлеуметтік қызметтер министрі Зехра Зүмрүт Селчүкпен екіжақты кездесулер өткізіп, ынтымақтастықты одан әрі арттыру жолдарын пысықтады.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Біз бүгін министр әріптесімізбен келісіп отырмыз. Алдымыздағы денсаулық саласындағы көп бағыттар бойынша қарым-қатынасымызды дамытуға мүмкіндігіміз мол. Ол біздің әрине екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынастың тәжірибесіне тарихына сәйкес болады. Оның себебі, Қазақстан Республикасы Түрік Республикасы ең басынан бастап бауырлас халық ретіндегі қарым-қатынасы нәтижесі бойынша жұмыс жасап отырмыз. Сонымен біз өзіміздің денсаулық сақтау жүйелерімізді ары қарай дамытуға, сонымен қатар, өзіміздің денсаулық сақтау жүйелерін халықаралық деңгейде жұмыс жасауға келістік. Арнайы жұмыс тобын құрып, арнайы келісімге қол қоямыз деп сенеміз.

Фахреттин Кожа, Түркия денсаулық сақтау министрі:

- Қазақстандық әріптесіммен медицина саласындағы ынтымақтастығымызды жүйелі түрде ілгерілету үшін арнайы келісімдерді жаңарту бойынша ымыраға келдік. Еліміздегі мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік жобасын алдағы уақытта Қазақстанда жүзеге асыру жөнінде пікір алмастық. Сондай-ақ дәрі-дәрмек және медициналық құрал-жабдық өндірісі, ауруханалар салу, медициналық персоналды дайындау, медициналық туризмді дамыту және т.б. бағыттар бойынша ынтымақтастық жасауға уағдаластық.

Еліміздің дәрігерлері Анкара мен Анадолы қалаларында жақында іске қосылған заманауи «Шахар ауруханаларының» жұмысымен танысты. Жаңа типтегі мекемелер мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік жобасы аясында іске қосылған. Жоба халыққа ең жоғары деңгейдегі медициналық технологиялар қол жетімділік пен сапасын көтеруге мүмкіндік беріп отыр. 1 миллион 312 мыңнан астам шаршы метрді алып жатқан кешен әлемдегі ең ірі аурухана және Түркияның мемлекеттік-жекеменшік ынтымақтастық аясында іске асырылған ең ауқымды жобасы.

Хүсейин Арслан, «YDA» компаниясының басқарма төрағасы

Қазақстан «PPP» деп аталатын мемлекет пен жекеменшік сектор арасындағы жобаларды жүзеге асыруға ыңғайлы ел. Біз осы жоба аясында Түркияда 4 аурухананың құрылысына кірістік. Келесі мақсатымыз - ата жұртымызда бұл жобаларды жүзеге асырып, инвестиция салу. Инвестициямыздың ерекшелігі - заманауи ғимаратпен бірге медициналық және әкімшілік қызметкерлерді оқытып, кәсіби біліктілікті қамтамасыз ету.

Министр Елжан Біртанов сондай-ақ Анкара қаласындағы «Башкент» медициналық университетінің басшысы Мехмет Хабералмен кездесіп, денсаулық сақтау саласындағы білім беру жүйесін жетілдіру мәселелерін талқылады. Қазақстандық делегация «Башкент» университеті мен Семей медицина университеті арасындағы кадр даярлау бойынша жұмыстардың нақты нәтижелерімен танысты.

Авторы: Меруерт Қанағат

Хабар 24 телеарнасы